Шымкентте шахмат әліппесі құрастырылды

54

Шымкенттік ұстаз балаларға арналған шахмат әліппесін шығарды. Бұл оқулықтың артықшылығы әлі әріп танымайтын балақайларға суреттер арқылы ойын шартын түсіндіру. Жоба авторының айтуынша бұл жоба баланың миын дамытып, зейінін ашады. Әзірге бұл кітапті жергілікті шәкірттер ғана қолдана алады.

Шымкенттік ұстаз шахмат әліппесін жасақтап шықты. Қазір шаһарымыздағы Жансая Әбдімәлік атындағы академияның 50-ге тарта шәкірті осы кітап негізінде білім алып жатыр. Онда балалардың миын тез дамытатын жаттығулар мен боямақтар қолданылады. Жоба авторының сөзінше мұны оқыған кез келген оқушы шахматты шебер ойнай алады.

Абдихадир Яхиев, Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының ұстазы: “Бізде қазақ тіліндегі кітаптар жоқ. Сондықтан оқушылар басқа тілдеге кітаптарды оқиды. Соған қарап қазақ тілінде кітап құрастыруды ойлап, осы жобаны жүзеге асырдық”

Жаңа кітап шығару идеясы «Балалар жылы» қарсаңында келіпті. Ал оқулықтың өзін мұғалім 2-3 айдың ішінде құрастырып шыққан. Білім құралы әлі әріп танымайтын балаларға әйгілі ойынның шарттары мен жүріс әдісін үйретуге септігін тигізеді. Оған қоса бүлдіршіндердің ми дамыту ойынына қызығушылығын арттырып, қабілетін ашуға көмектеседі.

Абдихадир Яхиев, Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының ұстазы: “Бұл кітап балалардың миын дамытуға көмектеседі. Ішіндегі түрлі түсті бояу балаларды өзіне тартып, оқуға деген қызығушылығын арттырады”

Айта кетейік, қазірше баспадан 50 дана оқу құралы шықты. Алдағы уақытта шахмат мектептерінен сұраныс түссе, ауқымын кеңейту жоспарда бар.