Шымкентте 400-ге жуық оқушыға арнайы психологиялық тренинг өткізілді

45

Шымкентте өткен жылы 8 жасөспірім өзіне қол салған. Ал жасы кәмелетке толмағандарға қатысты түнгі уақытта интернет ойынханаларына бару фактілері жиілеген. Мұндай іс-әрекет бала психикасын өзгертеді дейді мамандар. Сондықтан сала жауаптылары шымкенттік 400-ге жуық оқушыны жинап, арнайы психологиялық тренинг өткізді.

Шымкенте өткен жылы 8 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Сондақтан мектеп жасындағы жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету мақсатында арнайы тренинг ұйымдастырылды. Тәуелсіз психолог мамандар жастарға шектен тыс тиым салуға болмайтынын айтады. Керісінше кеңесу керек. Сонымен қатар, бала санасын қандай дүниеден аулақ сақтау қажет деген сұрақ та осы жиында талқыға түсті.

Марал Жұмагелді, психолог: «Тренингте бұған дейін не болды емес, бұдан кейін не болатыны жайында айтылады. Жастардың психологиясы қалай жұмыс істейді. Біз оларға қалай көмектесе аламыз. Ең бастысы баланы кінәләмау керек. Баланы кінәлай беру оны одан сайын ретравмаға түсіреді».

Сонымен қатар жастар арасында орын алған қылмыстың салдары сараланды. Мамандардың айтуынша кәмелеттік жасқа толмаған балалар түнгі уақытта интернет клубтарға баруды әдетке айналдырған. Ал оның жазасын ана-атасы айыппұл түрінде өтейді.

Раушан Кертаева, Тұран аудандық полиция майоры: «Ойынханалардан, PlayStation ойнайтын жерлерден балалар барғаны анықталса, бірінші сол мекемеге айыппұл салынады. Және де 132 бап бойынша ата-анасына 3 АЕК көлемінде айыппұл саламыз»

«Өмірім-болашағымның ертеңі» тақырыбында өткізілген шараға 100-ден аса мекемеден 400 оқушы қатысты. Оларға білім саласының мамандары мен психологтар ауыр психикалық жағдайдан шығу жолдарын көрсетті.

Айгүл Қанатқызы, Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы: «Біздің мақсатымыз суицидтің алдын алу және қазіргі кезде баршаңызға белгілі әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны алға тартылады. Психолог мамандар бала психикасы жайында лекциялар оқитын болады»

Шара барысында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, балалармен тығыз жұмыс істеу мақсатында кері байланыс ұйымдастырылды. Жасөспірімдердің санасын сергітетін мұндай танымдық кездесулер алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.