Түркістан қаласында басы ауырып, дәріхана жанындағы егу кабинетінде инъекция (дәрі) салдырған 26 жастағы ана өлім аузынан қалды. Ақпан айынан бері жамбас бұлшық етіне бірнеше рет ота жасалған екі балалы жалғызбасты әйел бүгінде өздігінен еркін жүріп-тұра алмайды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Түркістан қаласында тұратын жалғызбасты әйел ақпан айында басы ауырып, емханаға барған. Ондағы дәрігер «кетатоп» инъекциясын (дәрі) салдыру қажеттігін жазып берген. Содан 26 жастағы ана 8 ақпан күні қаладағы дәріхана жанындағы ақылы егу бөлмесінде инъекция салдырған. Алайда кейін жамбас бұлшық еті қызара бастапты. Ісініп, мазасын алған. 10 ақпан күні келіншек егу бөлмесіне барып, дәріхана иесіне шағымын айтқан екен. Ол өз көлігімен келіншекті «Талғат» жекеменшік клиникасына алып барған.
Науқастың әпкесі Ләззат Базарбаева жекеменшік клиникадағылар ешбір анализ алмастан сіңлісіне бірден ота жасап, жамбас бұлшық етін тілді деп отыр.
«Клиникадағылар «Абцесс» деп ешбір диагностикалық іс-шараларды жүргізбестен, анализдерін алмастан отаны жараны таңу кабинетінде жасаған. Бұл 10 ақпан күні болатын. Сіңлім сол жерде палатаға жатқызылды. Ертеңіне тағы да операция жасаған. Екі отада да сіңлім есін біліп жатқан, тек жергілікті жансыздандыратын дәрі салған. Сол кезде екі дәрігер өзара «ешқандай ірің жоқ екен ғой, тек ісік» деп сөйлескенін сіңлім естіп, «Онда мені бекерге қинадыңыздар ғой» дегенде ақ халаттылар бәрі жақсы болады деп сендірген»,-деді Ләззат Базарбаева.
Үшінші күні, яғни 12 ақпанда клиникаға науқастың әпкесі өзі барып, шу шығарған соң тиісті тексеру шаралары жүргізілгенге ұқсайды. Бұл күні үшінші ота жасалыпты. Содан кейін 2 балалы ананың жағдайы күрт нашарлаған.
«Бұлар операциядан соң кескен жерді тікпестен ашықтан-ашық сіңлімді палатаға жатқызған. Әрине, кескен жері ашық болған соң ол жаққа инфекция түспей ме? Сіңлімнің дене қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлай берді. Хирург дәрігер «Жағдайы қиын, кез келген жағдайға дайын болыңыздар» деп сіңлім өліп кетуі мүмкін екенін айтқанда төбемнен жай түскендей болдым. Бұлар о баста бірінші операция жасағанда ішіне инфекция түсіртіп отыр ғой. Өз аяғымен барған бауырым жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Дәрігердің айтып отырғаны анау. Қалай ашынбайсың?»,-деді ол.
Қызының көз алдында денсаулығы нашарлап бара жатқанын көрген анасы Денсаулық сақтау министрлігіне арыз түсіріп, сенім телефондарына қайта-қайта хабарласқан екен. 15 ақпан күні науқас шұғыл түрде Түркістан қалалық орталық ауруханаға ауыстырылған. Бұл жерде де оғане ота жасалыпты. Алайда дене қызуы қайта-қайта көтеріле беріп, науқастың беті бері қарамағанға ұқсайды.
«Орталық ауруханада жатқан қызымның жағдайы нашарлай берген соң ақысын төлеп, палатада өзім бірге жаттым. Бірақ температурасы 39-40 градусқа көтеріліп, қызуы түспеді. Болмаған соң тіккен жердегі тігістерін шешті. Ондағылар неге шағымдана бересіздер, бастысы қызыңыз тірі қалды ғой деп өзіме ашуланды. Дәрігерлерден «Неге қайта-қайта аша бересіңдер? Ірің бар ма?» деп сұрағанымда тек ісік екен деген жауап алдым. Онда неге бірнеше ота жасайды бұлар?»,-деді науқастың анасы Бақытжан Сердалиева.
Түркістан тұрғынының айтуынша, қызының дене қызуы 39-40 градус болғанына қарамастан дәрігерлер үйіне бір аптаға жіберген көрінеді.
«Балаларының қасына барып, бір апта демалып келсін. Мүмкін сол кезде жағдайы жақсаратын шығар» деп маған тілхат жаздырып, қызымды ауруханадан шығарды. Үйге келген қызымның жағдайы одан сайын нашарлады. Қайта-қайта жедел жәрдем шақырдық. Бір апта өткен соң дәрігеріне хабарласқанымда «Қызыңызды ауруханадан сол кезде шығарып жібергенбіз. Бізден шыққан науқасты мен қарамаймын» деп айтты. Бұлар маған демалып келсін деп өтірік айтып, қызымды шығарып отыр»,-деді ашуға булыққан ана.
Түркістан қалалық орталық ауруханасындағылар науқас 15 ақпан күні асқынған күйде жеткізілгенін растады. Келіп түскендегі диагнозы: бел аумақтағы оң жақ бөксенің іріңді-некротикалық флегмонасы, сепсис. Науқасқа тиісті емдік шаралары жүргізілген соң 13 наурыз күні үйіне шығарылыпты.
Ауруханадан шыққан әйелдің жақсармаған соң анасы мен әпкесі 23 наурызда Шымкентте орналасқан Түркістан облыстық-клиникалық ауруханаға алып келген. Бас дәрігер орынбасары Мақсұт Аймағамбетовтің айтуынша, пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Өздігінен жүріп-тұра алмаған. Ота жасалынған кезде тілінген аумақты тіккен екен. 18 күн бойы үздіксіз ем қабылдаған науқас 10 сәуір күні жағдайы жақсарып, аяқтан тұрған соң үйіне шығарылыпты.
Бас дәрігер орынбасары әйелге дұрыс күтім жасалып, жарақатты таңу жұмыстарын ары қарай жалғастыру қажеттігін айтты. Дәрігердің бақылауында болып ем қабылдаса, мұндай жағдайда науқастар ары кетсе 1-2 айда толықтай аяқтан тұрып, қалыпты өмір сүре алады екен.
Науқастың анасы Денсаулық сақтау министрлігі, Бас прокуратура мен Түркістан қалалық полиция басқармасына арыз тастағанын айтты. Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер тергеу жұмыстары жүріп жатқанын және істі облыстың бас полицейі өзі бақылауға алғанын хабарлады.
«13 ақпан күні жергілікті тұрғын қалада орналасқан дәріхананың медбикесі қызына екпе салып, салдарынан қызының денсаулығына зақым келгенін көрсеткен. Іс-құжаттар Түркістан облысы бойынша Медицина және фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданған. Аталған мекеме жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындысына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 317-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тиісті сот-сараптамалары тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады» деп атап өтті Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Ләззат Базарбаева сіңлісіне о баста егу бөлмесінде дәрі салған қызметкердің медбикелік білімі жоқ екені белгілі болды және ол санитариялық талаптарды сақтамаған деп отыр. Енді егу бөлмесі орналасқан дәріхана иесі науқастың анасына қайта-қайта хабарласып, тіпті 500 мың теңге ұсыныпты. Алайда төсек тартып жатқан келіншектің анасы ешкімге кешірім бермейтінін кесіп айтты.
«Білімсіздіктің кесірінен перзентім осындай күйге түсіп отыр. Қызым қалай қиналды, олар да солай қиналсын. Менің қызымның орнында тағы бір адамның болмасына кім кепіл? Барлығын тексерсін. Кінәлі адамдар тиісті жазасын алуын сұраймын» деп сөзін түйді науқастың анасы.