«Шымкент жастар лигасының» жеңімпаздары марапатталды

46

Үшінші мегаполисте «Шымкент жастар лигасының» жабылу рәсімі өтті. 6 мың оқушы бақ сынаған дода бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Жарыстың соңғы күні жаңа пайдалануға берілген «Металлург» стадионында спорттың 4 түрінен финалдық кездесу өткізілді. Ал сайыс жеңімпаздарына 20 млн. теңгенің шағын автобусы табыс етілді. 

«Шымкент жастар лигасының» жеңімпаздары анықталды. Финалдық ойын қайта жаңғырып, реконструкцияланған «Металлург» стадионында өтті. Жарыста шахмат бөлімі бойынша 132 команда бақ сынаған. Оның ішінде Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің командасы топ жарды. Олар биыл екінші рет қатарынан чемпион атанды.

Мұхтар Айнақұл, №9 ІТ лицейінің 10 сынып оқушысы: «Іріктеуде қатты қиын болған жоқ. Финалда ең үздік командалардың арасында шыдамдылық, еңбекқорлық, сабырлылықтың арқасында жеңіп шақтық деп ойлаймын. 14 ұпайдан 14-ін алып, 1 орынды жеңіп алдық»

Гүлназ Әбілдаева, Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі директоры: «Биылғы «Жастар лигасында» 9 мектеп лицейі 2 рет жеңімпаз атанды. Бұл тынымсыз еңбектің жемісі. Өте қуаныштымыз. Жарысқа 6 оқушымыз қатысты. Командада 25 оқушы бар. Негізі мектептің 80 пайызы шахматпен айналысады»

Биыл додаға 6 мыңнан астам оқушы қатысқан. Олардан спорттың 4 түрі бойынша 500 команда жасақталды. Ұйымдастырушылардың сөзінше жыл сайын жарысқа қатысушылар саны артып келеді. Әкім орынбасарының сөзінше бұл «Жастар лигасының» жастар арасында танымалдыққа ие екенін көрсетеді.


Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкім орынбасары: «Шымкент Жастар лигасының» мақсаты – өзінің мектебінің, өзінің қаласының патриоты атану. Ұлтжанды болуға бағышталған бағдарлама. Биыл қаламызда 151 мектептен 6000 оқушы қатысты. Спорттың 4 түрі бойынша өтті. Шахматтан ұлдар-қыздар аралас, баскетбол ұлдар арасында, волейбол қыздар арасында, футбол ұлдар арасында. Биыл рекордтық көрсеткіш 151 мектеп қатысып жатыр»

Финалдық ойындарды жіті тамашалаған қала басшысы, жеңімпаздарға өз құттықтауын жеткізді.


Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Жеңіс тұғырына көтерілу үшін қаншама уақыт жаттығу жасадыңыздар. Бұл қажырлы еңбектің нәтижесі. Жарыс жолында ғана емес, үлкен өмірде де әрқашан жеңімпаз атанып, еліміздің үмітін ақтайтын азамат болып өсе беріңіздер»

Үшінші рет өткізіліп отырған сайыста №47 Тәжібаев атындағы мектеп-гимназиясының футболшылары Лига чемпионы атанды. Олар финалдық кездесуде №80 ІТ мектебін 2:0 есебімен тізе бүктірді.


Балжан Нұран, №47 Тәжібаев атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы: «Біз алдыңғы жылы 3 орын алып қалған едік. Ол кезде №90 мектептен жеңіліп қалғанбыз. Биыл қатты дайындалдық. Бәріміз бірігіп 1 орын алдық. Қарсыластарымыз мықты. Тартысты ойын болды. Қарсыластарымызға рақмет, керемет ойын болды»

Баскетболдан М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның командасы чемпиондық титулға ие болса, №50 мектеп-гимназия волейболшылары үздік атанды. Турнирдің жабылу салтанатында мегаполис басшысы жас чемпиондарға 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусын табыс етті.