Нұршуаққа табиғи газ келді: Абоненттеу жұмыстары басталды

42

Шымкент қаласының іргесіндегі шағынаудандар мен тұрғын алаптар кезеңімен табиғи газға қосылуда. Олардың қатарында Солтүстік саяжайы да бар. Қазір онда көгілдір отын беріліп, жаңа құрылыста абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Нұршуақ шағынауданын газдандыру жұмысы қарқын алған. Ел арасында Солтүстік саяжайы атауымен белгілі елдімекенді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қаланың даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылуда. Сапалы ауыз су, жаңа электр желісі тартылған шағынауданға енді қолжетімді бағада табиғи газ да келді.
«Ия, жердің астымен жүргізіп жатыр, барлығы жақсы болып қалды. Енді тез арада құжаттарды рәсімдеп алсақ, жақсы болады»,- дейді Нұршуақ шағынауданының тұрғыны  Жолдасбек Жаңбыршин.

Шағынауданда құрылыс жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. Жалпы абонент саны 6 мыңға жуықтайтын елдімекенде құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Қазір, абоненттеу жұмыстары басталды,-дейді мердігер

Ерғазы Тұрлыбеков, «Энергоресурс» ЖШС-нің учаске бастығы: «Жер астынан газ құбырларын жүргізу үшін қазу жұмыстарын жүргізгенбіз. 80 пайызын бітірідік. Жер отырғаннан кейін шағал тас төсеп тегістеп береміз. Бір жарым айда толық газбен қамтылады шағынаудан».

Нұршуақ шағынауданынан бөлек, шаһардағы елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы 5 нысанда, атап айтқанда Тассай, Тұранда 3 кезегі, Асар-2, Сауле,  Бозарық шағынаударында жүргізілуде. Мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұртас шағынауданы толық газдандырылады. Ал Ынтымақ-2 елдімекеніндегі газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Жыл соңына дейін елдімекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94%-дан 96%-ға жететін болады