Жылыжай шаруашылығын субсидиялау мәселесі талқыланды

74

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрлігі мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында жылыжай шаруашылығын субсидиялауды қолға алып отырғаны белгілі. Бүгінде еліміз бойынша жылыжайлардың басым бөлігі Түркістан облысының еншісіне тиесілі екендігі белгілі. Оның ішінде Қазығұрт ауданында да жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер баршылық. Бірі гүл өсірумен айналысса, енді бірі қызанақ, қияр өсіреді.

Бүгінде аудан кәсіпкерлері жылыжайдан мол өнім алуда. Ауданда кішігірім 1 гектар жылыжайдан қызанақ, қияр егіп жылына 120 тонна өнім алып отырғандары баршылық. Еліміздің барлық өңіріне өнімдерін жөнелтеді. Сұраныс жоғары. Қызанақ, қиярдың бағасы қыстың күндері 600 теңгеден саудаласа жазда 200 бен 350 теңгенің аралығында болады. Аудан көлемінде 48 гектар жерге тамшылатып суғару енгізілген. Бұл әдіс өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Жылыжай шаруашылығы бойынша алынған өнімнің түсімділігі былтыр 175 мың тоннаны құраған болатын. Биыл да бұдан артық болмаса кем болмайды деген сенім бар.

Ауданда жалпы жылыжай шаруашылығы 175 гектар аумақты құрайды. Жылына екі рет өнім алады. Бұл өз кезегінде өте тиімді әдіс екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.

Қаңтар айынан бастап маусымға дейін бірінші өнімді жинап алса, одан кейін қара күзге дейін екінші өнімді жинайды. Алдағы уақытта шаруалар ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды игеріп, су ресурстарын үнемдеуді қолға алмақ. Одан бөлек, ауданда жылыжай шаруашылығын одан ары дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр.

Жылжай шаруашылығын субсидиялауға байланысты орталықта орналасқан Мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұловтың төрағалығымен ауданның жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруаларымен «Жылыжай шаруашылығын субсидиялауға қойылатын талаптар мен жылыжайларды стандарттау» тақырыбы бойынша жиналыс өткізілді.

Жиналыста аталған мәселелер бойынша баяндама жасап, түсіндіру үшін «Техникалық реттеу және метрология Түркістан облысы бойынша департаментінің» басшысы Қабылбеков Қанат Абайұлы және «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы Оңтүстік филиалының бөлім басшысы Сарсенова Шолпан Тастанбекқызы қатысты.

Жиналыс барысында ауданның жылыжай шаруашылығымен айналысушы шаруалары «Жылыжай шаруашылығын субсидиялауға қойылатын талаптар мен жылыжайларды стандарттау» ережесіне сай сұрақтар қойып, өз өтініштерін де жеткізді. Сонымен қатар, шаруалар жылыжай шаруашылығындағы өзекті мәселелер жайлы толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектерді дер кезінде пайдаланып, шаруашылығын ұлғайтып, дамытуға кәсіпкерлер құмбыл болып отыр.