Білім ордасы жаңа оқу жылына дайын ба?

30

Сайрам ауданына қарасты Көлтөбе ауылындағы №96 мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Себебі мердігер мекеме оқу ордасын жылумен қамтитын қазандықтың құрылысын бастап, белгіленген уақытқа дейін оны аяқтамаған. Яғни білім ошағы биыл жылусыз қалатын сыңайлы. Айта кетерлігі, білім ошағында шешілмеген проблема жалғыз бұл ғана емес.

Қисық-қисық еден, қабырға бояуларының өткір иісі №96 мектептегі түйткілді мәселенің жартысы ғана. Көлтөбе ауылындағы бұл нысанның әжетханасы да қайта жөндеуді талап етеді. Ең өкініштісі-білім мекемесінде жылу жүйесінің құрылысы әлі аяқталмаған.

Шаукатжан Мауланқұлов,  №96 жалпы орта мектебі ата- аналар комитетінің өкілі: «Жөндеу жұмыстарын 20 тамыз күні бітіріп беремін деген. Ол күні бітіре алмаған соң 5 қыркүйекке дейін созды. Бүгін енді 5-і де өтіп кетті. Сол бойы тұр. Оған мына теплотрассса қойылған. Оны қазып қойды. Мектеп басталғаннан кейін оқушылар түсіп кетпесін деп мектептің техжұмысшылары оны қайтадан көміп қойды».

Жартылай ғана салынған қазандықтың сырты қоршалмаған күйі қалған. Мектеп оқушылары жылутрассаларының толтырылған траншеяларынан әрі-бері секіріп өтіп, сабаққа барып жүр. Ал аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, құрылысқа жауапты азаматтарға қатысты шара қолданылғанын айтады.

Бейбітхан Зиябеков, білім бөлімінің заңгері: «Мердігер мекемеге бұл жылу жөндеу жұмыстарына 9 млн. бөлінген. Құрылыс жұмыстарының уақыты аяқталған соң біз ескерту жасадық. Қазір енді сотқа құжаттар жинап жатырмыз. Ал мектептің ремонтының конкурсын басқа компания ұтып алған. Ондағы сумма 8 млн. Кеше ғана мамандарымыз есептеу жүргізіп кетті. Мұндағы жөндеу уақыты да мерзімінен асқан. Сотқа құжаттарын жинап жатырмыз”.

Жергілікті білім бөлімі сот жұмыстарына қарамастан мектеп жылумен қамтылатынын айтады. Мамандар бүгінде аталған мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын қарастыруда. Олар күн суытпай тұрып, білім ордасына қуаттылығы жоғары жылу қазандықтарын қоймақ.