Кентауда егіз қыздар алғашқы қоңырауды соқты

34

Білім күні Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы 23 Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта мектебінде өткен алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысты. Жиын барысында қала басшысы ұстаздар мен оқушыларға ақжарма тілегін білдірді.

«Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең — бұл жаңа дәуір. Жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең. Соның ішінде білім саласында болып жатқан жасампаз өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Бұл орайда мемлекетіміз көштен қалған емес. Мемлекетіміздің тікелей қамқорлығының арқасында білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Осы орайда ұстаздардың да рөлі ерекше екендігін айта кеткен жөн» деген қала әкімі ұстаздарға алғысын білдіріп, оқушыларға білімді болып қалыптасуға үндеді.

Мерекелік жиында мектеп табалдырығын аттаған егіздер Ясмина мен Ясина алғашқы қоңырауды соқты. Бірінші сыныпқа барған апалы-сіңілі егіздер мектепке келуге асыққандарын, сыныпта ең үздік оқушы болатындарын айтады.

Салтанатты шарада мектепке алғаш келген бірінші сыныпқа, жоғары сыныптың үздіктері «Әліппе» мен «Букварь» кітаптарын табыс етті. Одан бөлек, білім күніне арналған әсем әуендер шырқалып, жыр-шумақтар оқылды.

Биылғы оқу жылында Кентау қаласы бойынша 28 мектеп есігін айқара ашты. Қалада 1905 мұғалім еңбек етіп, 20 058 оқушы білім алғалы отыр. Соның ішінде 2189 оқушы 1-сыныпқа қабылданған.