«Құрып кетші бар!» Келес аудандық аурухана қызметкерінің әрекеті көптің ашуын тудырды

3610

Желіде аурухана қызметкерінің 2,5 айлық қызы жансақтау бөлімінде жатқан келіншекке дөрекілік көрсеткен сәтінің видеосы пайда болды. Оқиға Түркістан облысы Келес аудандық ауруханасында болған.

Бейнежазбаны науқас сәбидің анасы ТікТок парақшасында жариялады. Келіншектің айтуынша, реаниматолог дәрігер жансақтау бөлімінде жатқан қызын көру үшін ішке кіруіне рұқсат берген. Алайда шаруашылық бөлімінің кіші қызметкері оны кіргізбей қойған. Ашуға булыққан ана аурухана қызметкерін видеоға түсіріп алған.

Науқастың анасы алғашында аурухана қызметкеріне «сіз» деп сөйлеп, есімін сұрайды. Алайда кіші қызметкер оның сөзін елеместен теріс қарап, ішке кіріп кеткен соң келіншек «сен» деп сұрағына жауап алмақ болады.

«Есіміңізді айтыңызышы… Қарасай бері! Арқаң таза еді ғой сенің. Бері қара! 2,5 айлық шақалағым реанимацияда жатыр. Рұқсат беріп тұрса да мына кісі кіргіздірмеген еді. Артың таза еді ғой, бері қарасай!»,-дейді келіншек.

Сәбидің анасының айтуынша, аурухана қызметкерінен аты-жөнін сұрағанда бейджигін шешіп, қалтасына салып қойған көрінеді.

«Аты-жөнін айтпайды. Міне, бассыздық! Алдына келген пациенттермен, адамдармен дұрыс сөйлесуді білмейді. Қалай жұмысқа алып отырсыздар?… Реаниматолог рұқсат беріп тұр, оның алдында бұл кім болыпты?»,-дейді ашынған ана.

Видеодан аурухана қызметкерінің сәбиі өмірмен арпалысып жатқан келіншекке «Құрып кетші бар» деп жауап қатқанын естуге болады.

Бейнежазбаны көрген желі қолданушыларының көбі аурухана қызметкерін сынға алды. Арасында кіші қызметкер тек бұйрықты орындайтынын, оның кінәсі жоқтығын алға тартқандар да болды.

«Жүрісті айтсай», «Дұрыс, осылай түсірген жақсы», «Егер оған ақша берсеңіз, мәселеңіз шешіледі. Осы шындық», «Келес ауданында былық көп», «Пара сұрап жатқан шығар…», «Таныс болмаса, адам құрлы көрмейді», «Осы аурухананы өзі салғандай болып тұр ғой», «Дәрігер жіберіп тұрғанда, бұл кім кіргізбейтін? Ол тек тазалыққа жауап береді», «Арыз жазыңыз», «Өзін дәрігер сезініп жүрген шығар. Аяма, шағымдан», «Денсаулық сақтау министріне арыз жаз» деп жазды желі қолданушылары.

Автор желі парақшасында тағы бір видео жариялап, мән-жайды түсіндіріп берген. Айтуынша, 2 ай бұрын шақалақ қызымен Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық балалар ауруханасына түскен. Ол жақта сәбиге нақты диагноз қойылып, 1 ай ем қабылдаған. Кейін ондағылар науқас қыздың беті бері қарады деп оны Келес аудандық ауруханаға ауыстырған.

«Бұл қызымның алдында 3,5 жасар ұлым бар. Оны балабақшаға жіберіп, осында келсем «санитарка» кіргіздірмей отыр. Дәрігер рұқсат берген, ал мына кісі рұқсат бермейді»,-дейді науқастың анасы.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар желіде қызу талқыға түскен видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, аурухананың ішкі күн тәртібіне байланысты сағат 09:00-11:00 аралығында пациенттердің туыстарына кіруге болмайды. Себебі бұл уақыт аралығында дәрігерлер науқастарды аралап, консилиумдар ұйымдастырылады, дәрігерлік кеңестер жасалады. Күн тәртібі туралы ақпарат аурухана қабырғасында ілінген екен. Ал науқас сәбидің анасы ауруханаға сағат 10-дар шамасында келіпті.

Басқарманың мәліметінше, жансақтау бөлімінің қызметкерлері тарапынан науқас сәбидің  күтімі қатаң бақылауда. Дегенмен видео бойынша аурухана қызметкеріне шара көріліпті.

«Аурухананың шаруашылық бөлімінің кіші қызметкеріне «ескерту» берілді» делінген мәліметте.

Сондай-ақ басқармадағылар қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ведомствоның Call центріне 1305 телефоны арқылы жүгінуге болатынын атап өтті.