Қарт әйелді түн ортасында белгісіз біреудің үй телефонына шалған қоңырауы оятты. Ер адам өзін Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеушісі ретінде таныстырып, зейнеткердің қызы ауыр жол-көлік оқиғасын жасады деген айыппен ұсталғанын хабарлаған.
Жалған полиция қызметкері егер анасы ақшасын төлесе, күдіктіні қазір босатуға болады деп сендірген. Әбден қорыққан қала тұрғыны қызының түрмеге түспеуі үшін бар жиған-тергенін беруге келіскен.
Әңгімелесуші ақшаға курьер келгенше ешбір жағдайда телефон тұтқасын қоймауды бұйырған. Келген жігітке әжей 900 мың теңге мен 500 долларды қолма-қол тапсырған.
Жәбірленушінің ұйқысыз өткен түні туралы білген туыстары полицияға болған оқиғаны хабарлады. Аталған жайт бойынша тергеушілер «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері іздеу шараларының нәтижесінде мекен-жайдан ақша алған курьердің жеке басын анықтап, ұстады.
Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған адам мобильді мессенджер арқылы алған нұсқаулары бойынша әрекет еткенін мойындады. Ол алған ақшаның 90% -ын онлайн – жұмыс берушілердің есеп шотына аударып, қалған соманы өзінің жалақысы ретінде алып қалып отырған. Полиция оның осыған ұқсас басқа да жайттарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Тергеу барысында интернет-алаяқтық жасаған күдіктінің сыбайластары анықталатын болады.