Түркістанда қайырымдылық дүкені ашылды

14

Түркістан қаласында Халықаралық қарттар күні қарсаңында қайырымдылық дүкені ашылды. Игі іске бастамашы болған облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бұл дүкеннің қызметін әлеуметтік қолдауға мұқтаж әр отбасы пайдалана алатынын айтып өтті.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков игілікті істің ашылу салтанатына қатысып, аға буын өкілдерін мерекемен құттықтады.
– «Ауылыңда қарияң болса, жазып қойған хатпен тең» дейді халық даналығы. Ел ішінде келісім мен бірліктің тұрақтауына сіңіріп жүрген еңбектеріңіз орасан зор. Біз өздеріңізден үлгі алып, өмір жолдарыңызды өнеге етеміз, – деді қала басшысы.
Мерекелік іс-шара аясында қариялар мұқтаж 77 отбасына азық-түлік себеттерін үлестірді.
Айта кетейік, қалада 15 мыңға жуық зейнеткер бар. Түркістан қаласында зейнеткерлерді қолдау шаралары тиісті деңгейде жүргізіліп келеді. Былтыр қолданысқа берілген Белсенді ұзақ өмір сұру орталығында медициналық, психологиялық, құқықтық, ағартушылық, еңбек және демалыс бағыттары бойынша қызметтер ұйымдастырылған. Орталық күніне 60-70 азаматқа қызмет көрсетеді. Жыл басынан белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметіне 1284 адам жүгінген.