Түркістан облысында мектеп оқушысын колледж студенті зорлап келген. Мұндай мәлімдемені 14 жастағы қыздың анасы жасады. Сөзінше бозбала қызына 9 рет зорлық жасаған. Тіпті түнделетіп қызды үйден ұрлап алып кеткен кездері де болған көрінеді.
«Екі рет өзіне қол жұмсамақшы болды да. Кейін қоштасы хатын жазып кеткен бізге, кейін біліп, қызымды ұзаққа жіберуге тура келді» дейді қыздың анасы.
Түркістан облысында тағы да жантүршігерлік жағдай. Сайрам ауданының тұрғыны 14 жастағы қызын колледж студенті зорлап келгенін атады. Ол бозбала мектеп оқушысымен 9 рет жыныстық қатынасқа түскен дейді. Сөзінше, оқиға осы жылдың қаңтарында басталып шілде айына дейін жалғасқан. Анасы тіпті колледж студентінің бірнеше рет түнделетіп үйге кіріп, қызды ұрлап алып кеткенін айтады.
Дильназ (есімі өзгертілді): жәбірленушінің анасы: «Өз еркімен болған жоқ қой, қорқытқан ғой. Пышақпен қорқытқан. Әр кез сайын пышақпен қорқытып денелерін тіліп тастаған, қызымды қорқытады екен. Бопсалаған қызымды «егер менің айтқанымды істемесең әке-шешеңді өлтіріп кетемін деп. Ол бір емес бірнеше рет түнде біздің үйге түнгі сағат 2-3-те кіріп, пышақпен бөлмесінен алып кетІп жүрген екен. Біз бейхабар болғанбыз. Зорлықпен болған. Қызымнан қанша рет сұрадық, «өзің қалаған жоқсың ба?» деп, ол «мен қалай қалаймын? Мені ол үйіне алдап апарып, мен сені қыдыртам деп, машинасымен үйіне апарып, пышақпен қорқытып солай істеді дейді».
Шілде айында мектеп оқушысының анасы полицияға арыз жазыпты. Бірақ одан бері 3 айға жуық уақыт өтсе де жәбірленуші тараптан ешкім кешірім сұрап келмеген көрінеді. Анасы керісінше, студент жігіт «арызды алмасаң, туыстарыңа жаман болады» деп қызымды қорқытқан дейді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі: «Полиция Сайрам ауданы тұрғынының арызы бойынша кәмелет жасына толмаған танысы тарапынан оның кәмелетке толмаған қызына қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Бұл факт бірден ҚР ҚК-нің 122-бабының 1-бөлігі бойынша «он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер» бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда және сараптамалардың нәтижесімен заңды процестік шешім қабылданатын болады».
Жәбрленушінің қорғаушысы арыз берілгеннен бері ешқандай шара қолданылмағанын айтады. Сол себепті де аудандық прокуратурадан қайыр болмаған соң, облыстық, тіпті Бас прокуратураға шағым беріпті. Алайда қазірше еш нәтиже жоқ дейді ол.
Тимур Сәрсеналиев, адвокат: «Іс бойынша бірнеше сараптама қорытындысы алынған. Жәбірленуш тараптан дәлелдеме ретінде жазбалар, суреттер, араларында болған аудиожазбалар ұсынылған. Алайда тергеу тарапынан, прокуратура тарапынан көз жұмып қарауда. Қылмыс жасаған тұлғаны жауапкершілікке тарту мақсаты, күдікті деп тануды, оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдануды және полиция басқармасы айтып отырғандай «122 баптың 1-бөлігімен күдікті деп танимыз» деп отыр, ол орта дәрежелі. Бұл жерде қылмыс бірнеше рет болған, ол 122-баптың үшінші бөлігіне жататын қылмыс».
Ата-анасы қыздары бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болғаннан кейін, оны басқа қалаға жіберуге мәжбүр болдық дейді. Шынашақтай қызымды қорлап, арын аяққа таптады деген жәбірленушінің анасы іс әділ тексеріліп, кінәлі адам лайықты жазасын алсын деп талап қойып отыр.
Гүлдана Дәурен