Шымкент қаласы әкімінің қала тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Ғабит Сыздықбеков бүгін Қаратау ауданының тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдады. Айтулы аймақ тұрғындарын қандай сауалдар мазалайды? Проблеманың шешілу жолдары қандай?
Бозарық тұрғын алабынан келген Жақсыбек Айнабеков Шымкент әкіміне кемінде он сұрақ қойды. Басты проблемалардың бірі – коммуналдық мәселелер. Сөзінше, шенеуніктер мәселелерді шешуге тек уәде береді. Ал іске келгенде, әлі күнге дейін ауыз суды сатып алуға тура келеді, электр қуаты әлсіз, жол болса көптен бері жөндеу көрмеген.
Жаксыбек Айнабеков, Қаратау ауданының тұрғыны: «Су жоқ, суды 4 мыңнан сатып аламыз. 15 күн ішеміз, 15 күннен кейін ол жаздың күні сасиды, қыста қатып қалады. Недеген өмір бұл? Үшінші мегаполис, Шымкент қаласына көшіп келдік деп мақтанамыз, тұрған жеріміз ауылдан жаман. Өтініш, бізді иесіз қаңғыбас иттен қорыңыз, мектеп салып беріңіз, су, газ, светімізді әкеп беріңіз».
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Барып көреміз. Қазір анықтап неліктен тоқтатқанын, неліктен қайта қарау керек болды? Барып көреміз, анықтаймыз, күтіңіздер».
Ал Қаратау ауданындағы жер учаскенің иесі оның жері мемлекет қажеттілігі үшін алынатынын естігеннен бері түн ұйқысынан айырылған. Бас жоспар бойынша жол сол жерден өтуі керек көрінеді. Алайда, жер иесі бұған көндігіп, өтемақы күтіп жүргенде кенеттен басқа басқарманың қызметкерлері оған учаскіні ешкім сатып алмайтынын айтыпты.
Еркебұлан Көпбаев, Қаратау ауданының тұрғыны: «Екі жылдан бері жерімнің қақ ортасынан жол түсіріп қойған да жаңа бас жоспарда. Бұл мәселе бойынша архитектура бөліміне бардым, ол кісілер аламыз жасамаймыз дейді, жасаймыз дейді бірақ қашан екені белгісіз дейді бірақ 10 жылдан бері ме, 15 жылдан бері ме? Қалалық транспорт бөліміне хат жолдадым. Олардан «сенің жеріңнің үстіне жол түспейді» деген хат келді. Қалай болады сонда?».
Шымкент әкімі бұл мәселені жеке қабылдау кезінде қарауға уәде берді. Кездесуде шешімін таппаған және мегаполис басшысы қабылдауында қарайтын бірқатар мәселелер болды. Ғабит Сыздықбеков ешқандай мәселе назардан тыс қалмайтынын айтты.
Гүлдана Дәурен