№3 қалалық емханасында «Әл-Біләл» мешітінің имамы Аманжол ұстаздың қатысуымен екпе салудан бас тартқан ата-аналармен кездесу өткізілді.
Жиында қызылша инфекциясының көбеюіне байланысты қызылша инфекциясының ең тиімді алдын алу тәсілі — екпе екені айтылды. Күнтізбедегі екпе түрлері балаларға салу не үшін қажет және вакцина тиімділігі турылы жан-жақты түсіндірілді.
“Түрлі аурудың алдын алу үшін егілетін вакцина адам өміріне қауіпсіз. Екпе егуге байланысты ақпаратты интернеттен емес, дәрігерлерден алған жөн. Түрлі инфекцияға қарсы вакцинациялар әуелі құжат бойынша тексерістен өтеді. Одан кейін лабораториялық тексеріс жүргізіледі. Қазақстандағы барлық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартына сай келеді. Сол себепті олардың сапасы жоғары деп айта аламыз. Өз уақытында жасалған вакцинациялау адамды қызылшадан және оның асқынуынан сақтай алады! Ендеше, ата-аналарға балаларына өз кезегінде екпелерін салдыруы керектігін айтқымыз келеді. Сол арқылы балаларымыздың денсаулығын сақтай алатынымызды ұмытпайық”- деді №3 қалалық емхананың бас дәрігері Ақмарал Омар.