Екі күннің ішінде 3 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды

29

Елімізде 10 күнге жуық рейдтік іс-шара жүреді. Мақсаты қоғамдық орындағы қауіпсіздікті сақтау және жол-көлік оқиғаларын азайту. Тексерістің алғашқы 2 күнінде үшінші мегаполисте 3 мыңға тарта құқықбұзушылық анықталған.

Сап түзеген тәртіп сақшылары қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын тұр. Олар басшыдан пәрмен түсе сала қала көшелерін барлауға аттанды.

Статистикалық ақпараттарға сүйенсек, елімізде жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Сондықтан мегаполис көшелері мен қоғамдық орындарда тәртіпті күшейту мақсатында қарашаның 20-сы мен 30-ы аралығында рейд ұйымдастырылып жатыр. Ал айтулы шара аясында небәрі екі күннің ішінде 3000-ға жуық құқықбұзушылық анықталды.

«Бұл шараның нақты бағытын атап өтетін болсам: қоғамдық орындарда тәртіпті күшейту, вандализм, мүлікті бүлдіру, ұсақ бұзақылық, жол үстіндегі заң бұзушылықтарды анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықта және алдын алуда жұмыстарды жандандыру мен күшейту болып табылады. Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, қала көшелерінде заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда азаматтық борыштарымызды таныта отырып, аса жауапкершіліктеріңізді танытуды сұраймыз» – дейді Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Әбдіраманов. 

Тексеріс барысында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 234 тұлға, қоғамдық орындарда мас халде жүрген 89 азамат және жол жүру ережесін бұзған 1362 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.