Lexus жүргізушісі 28 млн теңге берешегін төлемей жүрген

183

Шымкентте Lexus 470 маркалы көлігін тізгіндеген жүргізуші қомақты берешегін төлеуден жалтарып жүрген. Полиция хабарлауынша, оның 28 млн теңге өтелмеген қарызы бар.

«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шарасы барысында тәртіп сақшылары  қала көшелерінің бірінде Lexus 470 автокөлігін тоқтатқан. «Қорғау» қосымшасы жүргізушінің 28 млн теңге өтелмеген қарызы бар екені туралы хабарлаған. Полицейлер тиісті шара қолдану үшін сот орындаушыларын шақырыпты.

«Ер адамның екінші дәрежелі банктердің біріне 27 млн 500 мың теңге қарыз екені және 500 мың теңге өтелмеген салығы бар екені анықталды. Борышкерге төленетін төлемдер туралы ескертіліп, көлік айыптұраққа қойылды. Қала тұрғыны қарызын толық қайтарғаннан кейін ғана темір тұлпарын ала алады» деп хабарлады полициядан.