Үшінші мегаполисте автобустар жолға таласып, көлік апаты орын алды. Оқыс оқиға Шаяхметов пен Арғынбеков көшелері қиылысында орын алған. Солдарынан бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында жүкті әйел де бар.
Шымкентте 2 қоғамдық көлік соқтығысты. Куәгерлердің сөзінше олар жолға таласқан. Салдарынан 9 адам зардап шекті. Оның біреуі — жүкті әйел. Жәбірленушінің айтуынша, ол көлік апаты болғанда басын қатты соғып, есін жоғалтып алыпты. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.
«Автобус аялдамаға келіп тоқтады да 1 адам түсті. Екіншісі түсіп үлгерген жоқ. Арттан келіп соқты. Бір-бірімен жарысқан дейді. Басымды алға бір, артқа бір соғып алдым. Содан кейін есімді жоғалттым. Жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кетті. Түсінбей қалдым бәрі қан болып жатты бір көргенімде. Бір кісінің қолы жарақаттанған. Бір апайдыі беті жырылған. Ары қарай білмеймін. Қазір дәрінің күшімен отырмын» -дейді Шымкент қаласының тұрғыны.
Жол көлік оқиғасынан зардап шеккендердің жетеуіне көмек көрсетіліп, үйіне шығарылды. Ал тағы 2 науқас әзірше дәрігерлер бақылауында болады.
«№1 клиникалық ауруханасына жол апатынан жедел жәрдеммен 9 адам келіп түсті. Оның екеуі жабық бас-ми жарақатымен нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Оның біреуі 19 апталық жүкті әйел. Қалған 7 науқастық жағдайы қанағаттанарлық болғандықтан амбулаториялық емге жіберілді», -дейді №1 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мадияр Дүйсенов.
Қазір аталған жайттың мән-жайы анықталып жатыр. Ал жүргізушіге қатысты хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
«24 қарашада Арғынбеков-Шаяхметов көшелерінің қиылысында екі қоғамдық көліктің соқтығысуымен жол көлік оқиғасы орын алды. Қазір жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, заңды шешім қабылдау үшін жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды» — дейді Шымкент қаласы ПД аға инспекторы Бақдәулет Оразбаев.
Айта кетейік, автобустар Шаяхметов пен Адырбеков көшесі қиылысында соғысқан. Куәгерлер сөзінше, алдында келе жатқан 146 бағыттағы автобусты 150-інші автобус артынан келіп соққан.