Көлік министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

58

Түркістан облысына іссапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен кездесті. Аззаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сауалдарына жауап берді. Жиында жол-көлік мәселелеріне қатысты көптеген мәселелер талқыланды. 

«Жолдарды жөндеу бойынша жарияланған конкурстардың жеңімпазын анықтау, көліктік бақылау инспекцияларының қызметі, жол-қызмет көрсету ұйымдарына төленетін жалақынының төмендігі және теміржолшылар үшін зейнеткерлікке шығу жасын төмендету». Бүгін Түркістан облысының тұрғындары жол-көлік мәселесіне қатысты өздерін мазалаған сауалдарды Көлік министрі Марат Қарабаевқа жеткізді.

Мәселен, Түркістан мен Арыс арасындағы пойыздардың қозғалысын жеделдететін 20 км екінші теміржол жолдарын салу және «Түркістан-Арыс», «Түркістан-Шымкент» бағыттары бойынша күнделікті жолаушылар маршруттарын оңтайландыру мәселесі көтерілді. Пойыздардың қозғалыс кестесі ыңғайсыз болуына байланысты көптеген адамдар автомобильді пайдалануға мәжбүр дейді тұрғындар.

Марат Қарабаев пойыздардың кешігуін болдырмау үшін екінші теміржол желісін тезірек салу мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ мамандармен бірге қала маңындағы пойыздардың қозғалыс кестесін зерделеуге уәде берді. Сондай-ақ кездесуге жиналғандар ақылы жолдармен жүру тарифтерінің мөлшері туралы да айтты.

Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдардағы тариф онсыз да төмен екенін атап өтті. Дегенмен өңір тұрғындары жергілікті халық үшін бағаны одан әрі төмендету мүмкіндігін сұрады.

Министр ақылы жол әлемде кең таралған тәжірибе екеніне баса назар аударып, Қазақстан Қытайдан Еуропаға қарай жүктер үшін транзиттік аумақ болғандықтан, ел Үкіметі мемлекеттің кірістерін арттыру мақсатында транзиттік әлеуетті пайдалануға бағытталған саясатты жүргізетіндігін айтты.

Сондай-ақ жүк тасымалы неғұрлым көп болса, мемлекеттік бюджет есебінен салынатын және жөнделетін жолдар соғұрлым тез тозатындығы, сол себепті жол ақысы — ағымдағы және болашақ шығындарды өтеуге арналған төлемдер екенін айтты.