Қарабастау тұрғын алабына ауыз су берілді

33

Қарабастау тұрғын алабына қарасты Жаңақұрылыс аймағына ауыз су берілді. Тұрғындар жаңа жыл қарсаңында қуаныш еселенгенін айтады. Себебі олар бірнеше жылдан бері суды бөшкемен тасып ішіп келген.

Жаңа жылдың қарсаңында қарабастаулықтар қуанышқа бөленді. Аймаққа көптен күткен ауыз су жеткізілді. Гүләсел Тілеуқабылованың мұнда тұрғанына 4 жылдан асқан. Содан бері тіршілік нәрін бөшкемен тасып ішіп келген, ол қуанышымызда шек жоқ дейді.

«Көп рақметімізді айтамыз. Су бар жерде береке бар дейді ғой. Енді көктемде көктеп жатқанымызды көресіздер. Енді газ келеді дейді. Содан соң жолымызды істеп береді. Өстіп өніп жатырмыз, Аллаға шүкір» – дейді Қарабастау тұрғын алабының тұрғыны Гүләсел Тілеуқабылова.

Қарабастау тұрғын алабы Жаңақұрылыс аймағында 1 жарым мыңнан аса абонент бар. Қазір оларға толық ауыз су кіргізіліп, құжаттарын рәсімдеу барысы жүріп жатыр. Былтыр құрылысы басталған жобаның құны 1,7 млрд. теңгені құрайды.

«Қазір 1600 жер участкесінде 300-ге жуық тұрғын тұрып жатыр. Жаңа жылдың қарсаңында тұрғын алапқа су жеткізілді. Құрылыс жұмысы энергетика басқармасы тарапынан былтыр басталған еді. Кестеге сәйкес аяқталып, биыл ел игілігіне берілді» – дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев.

Айта кетейік, Еңбекші ауданына қарасты бұл аймаққа 2021 жылы электр жарығы жеткізілді. Ал елді мекеннің 80 пайыз жолы асфальтталып, қалғанына шағал тас төселген. Келер жылы табиғи газ кіргізу жұмысы басталмақ.