7-сынып оқушылары газ бен түтіннен уланудан сақтандыратын құрылғы құрастырды

7-сынып оқушылары газ бен түтіннен уланудан сақтандыратын құрылғы ойлап тапты. Ерекшелігі – құрал газды сезген сәтте ата-ананың телефон нөміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлама жібереді. Тіркелген нөмір иесі 10-15 секунд ішінде қауіптен хабардар болады.

Төлебилік мектеп оқушылары газ бен түтіннен уланудан сақтайтын құрылғы ойлап тапты. Бұл құралдың ерекшелігі – газ шыққанын сезген сәтте оған тіркелген ата-ананың телефон нөміріне 10-15 секундтың ішінде хабарлама келеді. Сим карта орнатылған туындыны 7-сынып оқушылары 1 жыл ішінде құрастырып шыққан.

«Бұл газ сезгіш құрылғымыз. От тұтандырғышты MQ-2 газ сезгіш датчигіне жақындатып газ шығарған мезетте біздің телефонымызға СМС хабарлама келеді. 10 секундқа да жетпейді», -дейді Төлеби ауданы №1 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Ерсат Әнуар.

Ерсат пен Әлғани мұндай құрылғы жасап шығаруға кейінгі кезде жиілеп кеткен газдан улану жағдайлары себеп болғанын айтады. Егер жоба қолданысқа енсе талай адамның өмірін құтқарар едік дейді, балалар.

«Бұл құрылғыға 7-8 ай көлемінде жұмыс жасадық. Көптеген балаларды өлімнен құтқару үшін осы құрылғыны шығардық. Үй жағдайында ата-аналар жұмысқа кетіп қалған кезде, балалар жалғыз қалғанда газдар атылып көптеген адамдар қаза тауып жатыр«, – дейді әлғани Сералы.

Балалардың жетекшісі Салтанат Ұятбаева оқушыларының робототехникаға қызығушылығын байқап, жобаны өзі ұсыныпты. Балалар газ бен түтіннен уланудан сақтайтын құрылғымен аудандық, облыстық додаларға қатысып, жеңімпаз атанып та үлгерген.

Салтанат Ұятбаева, Төлеби ауданы №1 мектеп-гимназиясының робототехника және информатика пәні мұғалімі: «Ерсат пен Әлғанидың робототехника пәніне деген қызығушылықтарын байқағаннан кейін өзім осы жобаны екі балаға ұсынған болатынмын. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында қайғылы жағдай көп болғандықтан маған бұл тақырып қызығырақ болды. Және кішкене болсада осы өзіміздің септігімізді тигізсек деген оймен қолға алдық«.

Жобаны жүзеге асыру барысында балаларға төтенше жағдай қызметкерлері жол сілтеп отырған. Төтеншелік мамандар да бұл құрылғыға қызығушылық танытты дейді оқушылар. Ал ақпан айының аяғында балалар бірегей жобаны Көкшетау қаласындағы республикалық ғылыми жобалар байқауында қорғайды.