Мемлекеттен берілетін пәтердің кепілдік мерзімі ұзарады

120

Шымкентте биыл үш тұрғын үй кешенін, нақтырақ айтқанда 73 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қазір құрылыс басталып кетті. Оның 69-ы кредиттік болса, төртеуі арендалық үй. Құрылыс басқармасының басшысы баспасөз брифингінде жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін пәтерлер бойынша жоспармен де бөлісті. 

Мемлекеттен берілетін пәтерлердің кепілдік мерзімі ұзарады. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының басшысы мәлімдеді. Бұған дейін мердігерлердің кепілдік міндеттеме уақыты 5 жыл болса, енді 7 жылға дейін ұзартылмақ. Олжас Тәжібаев мердігерлерге қойылатын талаптың күшейгенін айтты.

«Көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін үй сапасына байланысты ескертулер, шағымдар болып жатады, оны жоққа шығара алмаймыз. 9862 пәтер берілсе, олардан 600-700 шағым түскен. Бұл пайызбен есептегенде 7-8 пайыз. Яғни, мемлекеттен берілетін тұрғын үйлердің сапасы төмен деп айтуға болмайды. Дегенмен, соған қарамастан, біз мердігерлермен шарттық міндеттемелерімізде талаптарды күшейттік. Сонымен қатар, мердігер мекемелердің кепілдік міндеттемелері бар. Яғни, бұған дейін 5 жыл болса, біз қазір міндеттемелердің кепілдік мерзімін 7 жылға ұзартып жатырмыз«,- деді Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Қазіргі таңда Тұран, Бозарық, Ақжайық шағынаудандарында 2950 пәтерлі 73 көпқабатты тұрғын үй құрылысы басталды. Оның — төртеуі арендалық, 69 тұрғын үй кредиттік. Бұдан бөлек, жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1155 пәтер сатып алуға бюджеттен 22,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жұмыс жасайтын жастарға 900 пәтерді, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына 255 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарланған.

«3 тұрғын үй кешені — Тұран, Ақжайық, Бозарық шағынаудандарынан тұрғын үй кезшендерінің құрылысы басталды. Бүгінгі кезде тапсырылғаны жыл қорытындысы бойынша 34 үй тапсырылды. Осы үйлерге инженерлік инфрақұрылымды дамытуда 18 жоспарлы жұмыс атқарылып, бүгінде 18-дің 8-і тапсырылды«,- деп мәлімдеді  Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Құрылысы басталған 73 көпқабатты тұрғын үйдің 66-ы биыл ел игілгіне беріледі. Ал қалған 7 тұрғын үй келер жылға өтпелі болмақ. Сонымен қатар, қала аумағында 12 инженерлік инфрақұрылым нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.