Түркістанда облыс әкімінің кезекті жеке қабылдауы өтті

41

Дархан Сатыбалды Түркістанда кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелері мен өтініштерін тыңдады. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысты. Бұған дейін аудан-қалаларда «Ашық есік күні» тұрақты түрде өткізіліп, көтерілген мәселелердің көпшілігі шешімін тауып келеді.

Анна Ахметова облыс әкімінің жеке қабылдауына көмек сұрай келіпті. Жұмысқа тұрғысы келеді. Сөзінше, тағайындалған зейнетақы ештеңеге жетпейтін көрінеді. Сол себепті әкімдік тарапынан қосымша жұмыс немесе материалдық көмек көрсетілсе екен дейді.

«Маған материалды көмек немесе қосымша жұмыс керек. Мен жұмыстан қашпаймын, істеймін. Әкім шешіп беремін деді, жұмыс тауып беремін деді. Жұмыс болмаса, кәсіпкерлерге айтып, қосымша материалды көмек болады деді. Шешіп беремін деді. Облыс әкіміне рахмет»,- дейді Кентау қаласының тұрғыны Анна Ахметова.

Тұрғындардың басым көпшілігі жер және тұрғын үй, жұмысқа орналасу, сонымен қатар бір реттік көмек беру сынды әлеуметтік мәселелерді шешіп беруді сұрай келген. Жолдарды асфальттау, инватакси, мал шаруашылығы мен субсидия мәселелері де көтерілді.

Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған облыс әкімі көтерілген сауалдарға байланысты тиісті шаралар қабылдауды сала басшыларына тапсырып, орындалу барысы тікелей өз бақылауында болатындығын жеткізді.

«Тұрғындар пікірі біз үшін маңызды. Бүгін сіздердің уәждеріңізді тыңдадым. Әрбір мәселе ескерусіз қалмайды. Барлығы да жан-жақты тексеріліп, заң аясында шешімін табады«,- деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, облыс әкімі өткен жылы әр жарты жыл сайын аудан, қалаларда халықпен кездесіп, тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Өңір басшысы 50-ден аса жеке қабылдау өткізіп, оған 500-ден астам азамат жазылды. Жалпы тұрғындар тарапынан жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы, білім, кәсіпкерлік саласына қатысты, инфрақұрылым бойынша, тұрғын үй мәселесі туралы мәселелер көтеріліп, өтініш пен ұсыныс-пікірлер айтылды.