Сарыағашта мектепте улану оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды

1038

Сарыағаш ауданында мектеп оқушылары мен мұғалімдері жаппай уланып қалды. Оқиға ауданға қарасты Ынтымақ ауылында болған. Өткен сенбі №9 мектепте сенбілік өткізілген. Бірақ сынып бөлмелеріндегі бояу кеппегендіктен, дүйсенбі күні сабаққа келген балалардың басы ауырып, өткір иіске улана бастаған. Жедел жәрдем шақыртылып, 30-ға жуық оқушы мен 10 мұғалім ауруханаға жеткізілді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген. Ал сабақ үш күнге онлайн форматқа көшіріліп, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сарыағаш ауданында 30 оқушы мен 12 мұғалім химиялық заттардан жаппай уланды. Оқиға 5 ақпан күні Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында болған. Өткен сенбіде мектептің мұғалімдері мен кіші қызметкерлері сенбілік жасаған. Алайда жағылған бояу кеппей, салдарынан дүйсенбі сабаққа келген балалардың басы ауырып, өздерін жайсыз сезінген.

«Майлықожа орта мектебінен бірнеше мұғалімдер және оқушылар уланды деген ақпарат түскен болатын. Біздің орталық ауруханаға 3 мұғалім қаралды 1964,1972,1989 жылғы. Барлығына алғашқы көмек көрсетілді. Яғни дезинтоксикациялық терапия, оксигенатерапия жағдайы қанағаттанарлық болып үйіне жіберілді. Менің бұйрығыммен қосымша бригада әзірленіп,барлық тиісті бейінді мамандар инфекционист, невропотолог мамандары аталған елдімекенде барлық оқушыларды қарау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда айтылған жағдай бойынша ем алып жатқан науқастар жоқ«, — деп мәлімдеді Сарыағаш аудандық ауруханасының бас дәрігері Бақыт Мырзалиев.

Мектептегі бірқатар мұғалімдер болған жағдайға директорды айыптап отыр. Сөздерінше, мектеп басшысы қажетті бояуды қызметкерлердің өзіне сатып алғызып, суық ауа-райына қарамай оларды сенбілік жасауға мәжбүрлепті.

«Жұма күні жиналыс болды мектепте. Сөйтіп бүкіл ұжым барып отырдық. Жалғыз мен емес, бүкіл ұжым біледі апайдың айтқанын. «Бояуды өздеріңнің қаражаттарыңа әкеңдер, 5-10 мың теңгеден алып шығарсаңдар несі кетіпті, өздерің үшін ғой» деп апайдың айтқаны бар«, — дейді директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Нұрлан Мараханов.

«Біз басшылыққа бағындық, Акт түземін, кім келмесе Акт түземін, жұмыстан шығарамын» деді. Менде 2 жыл қалды пенсияға шығуыма, мен енді жұмыстан шыға алмайтын шығармын, мен де үмітім бар жақсы пенсиямды алып отыратын шығармын немерелеріммен. Мына жағдайда қалай мен пенсияға жете аламын? Жете алмаймын!

-15мың теңгеге қанша бояу, қанша әк алдыңыз?

-1 еден бояйтын бояу,1 есік терезеге ақ бояу, кейін әк алдық кейін валиктер алдық щетка алдық жуатын шүберектер алдық«, — деді бастауыш сынып мұғалімі Фарида Мұсабаева.

Ал қаңтар айының 30-ы күні тағайындалып, ақпанның біріне жұмысына кіріскен мектептің су жаңа директоры ешкімді мәжбүрлеу болған жоқ дейді. Білім ошағының тазалығы сын көтермейді деген ол, ұжымды сенбілікке шақырғанымен, бояу-сырлау туралы бұйрық болған жоқ дейді.

«Сенбі күні келдік, 10:30-дан 13:00-ге дейін дедік. Мен де болдым. Ол жерде терезе жу деген болған жоқ, партаның үстінде небір ұятсыз сөздер болған, соны кетіріңдер, есіктерді жуыңдар дедім. Мен 13:00-де қайтамыз дедім, қайттым. Өздері аяқтамадық деді, қалды. Мен кеткеннен кейін өздері өшіре алмаған ба, жоқ шантаж ұйымдастырығысы келген ба өздері сырлаған. Бұл мектепке менің ұнамай қалғаным – бұл жерде өздерінің талаптары бар екен, өздерінің ауылының адамын директор қылу мақсат екен. Солай айтты, менің көңіліме тиетін ауыр сөздер айтты. Бірақ мен шыдадым. Мен келгенде мектептің жағдайы, артық айтсам кешірерсіздер, мен оған шыдай алмадым«,- дейді №9 Майлықожа атындағы мектеп директоры Оразкүл Сопибекова.

Мектептің бұрынғы директоры өткен жылы күзде орнын босатқан. Ал басшы креслосына тек бір адам үміткер болыпты. Аудандық білім бөлімінің басшысы сенбілік өтетіні туралы мектеп басшылығы хабар бермегенін айтады.

«Біздің білім беру тарапынан бүгінгі таңда зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті құзырлы органдардың өздерінің тарапынан қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның шешімімен біз енді қазіргі таңда білім бақылау департаментіне ұсыныс дайындап жатырмыз. Осы басшылықтың тарапынан педагог мәртебесі туралы заңды білесіздер біздің мұғалімдерді қосымша жұмысқа тартуға болмайды деген сияқты. Алдағы уақытта қандай шешім шығады сол шешімге сәйкес біз тиісті заңға көрсетілген нормативтерге сәйкес шешім қабылдайтын боламыз«, — деп мәлімдеді Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатов.

№9 мектеп биыл күрделі жөндеуден өтеді. Ол үшін бюджеттен 598 млн теңге қаралған. 300 млн теңгенің жұмысы биыл ақталса, қалғаны 2025 жылға өтпелі болады дейді жауаптылар. Ал қазір мердігерді анықтау үшін конкурс жүргізіліп жатыр.

Майлықожа атындағы мектептің ахуалы расында мәз емес. Күрделі жөндеуді қажет ететін білім ошағының оқушылары ғимарат ішінде әжетхана бар болса да, қажеттілігін өтеу үшін далаға шығуға мәжбүр екен. 1980 жылдары бой көтерген мектепке 2009 жылы қосымша ғимарат салынған. Білім ордасына жыл сайын ішінара жөндеу жүргізіліп отырыпты.

Оқиғаға байланысты ҚР қылмыстық Кодекстің 304-бабы 1-бөлігі, яғни санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соққан бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

«№9 Майлықожа атындағы мектептің оқушылары мен мұғалімдерінің улану фактілері бойынша қылмыстық кодекстің 304 бабының 1 бөлігімен яғни санитариялық қағидаларды адамдардың жаппай улануына әкеп соққан бұзу дерегіне сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Тергеу нәтижесі мен тиісті кінәлі тұлғалардың әрекеттеріе құқықтық баға беріледі.Сонымен бірге аудандық СЭС тексеру жүргізіп, ғимараттың оқу бөлмелеріндегі ауа құрамынан зиянды заттарды анықтау мақсатында зертханалық өлшемдер алды. Олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалады«, -деп жеткізді Сарыағаш ауданының прокуроры Жаннұр Ахметбек

Қазір оқиғаға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізуде.

«Сенбі, жексенбі күндері мектеп басшылығының тапсырмасымен,мектеп қызметкерлері мектептегі сыныптарды тазалау, әктеу, бояу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда осы бойынша біз зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізудеміз. Тексеру нәтижесі белгілі болған кезде қорытындысын хабарлайтын боламыз«, — деді Түркістан облысының СЭБД басшысы Нұрбек Нышанов.

Қазір мектепте оқушылар жоқ. Сабақ бірнеше күнге онлайнға көшірілді. Шәкірттер ғимараттың бояуы кеуіп, исі кеткен соң білім ошағына қайта оралып, сабақ қалыпты режимде өтеді дейді жауаптылар. Дегенмен, зерделеу жұмыстары жалғасатын болады.