Састөбедегі жаңа көпқабатты тұрғын үй қайта жөндеуді қажет етеді

34

Састөбелік тұрғындар көпқабатты үйден баспана алып, бақытқа кенеле алмадық дейді. Олар 2021 жылы жаңа нысанға көшіп келген. Алайда көп ұзамай пәтерге жаңбыр суы өтіп, қабырғасы сөгіле бастапты. Сол кездің өзінде-ақ жергілікті халық мердігер мекемеге арызын жеткізген. Бірақ арада бірнеше жыл өтсе де мәселе әлі күнге шешілмей келеді.

«Жауаптыларға хабарласамыз, жауап жоқ. Ешкім ештеңе демейді. Подъездер құлап жатыр»

Бұл 2021 жылы мемлекеттік бағдарлама негізінде үйлі болған тұрғындардың жанайқайы. Олар баспаналы болдық деп жылдап күткен қуанышымыз көпке созылмады дейді. Жүргіншілер жолы мен ауласыз берілген көпқабатты үй бірте-бірте жамау-жамау күйге ене бастады дейді ашынған састөбеліктер.

«Аулада қысымен лай-батпақта жүрдік. Батпақ жолды жақын арада істейді дейді. Оны да көреміз. Біреулер келді да мына тастарды қойды да кетті. Тағы біреуі тыр-тыр трактормен айдап кетті. Енді батпаққа батқанда белімізге дейін келді. Не қоқысымызды тастай алмай қалдық»,- дейді Састөбе ауылының тұрғыны Ира Жайшыбекова.

Жаңбыр жауса, лай-батпаққа айналатын тас жолды мамандар биыл жөндеп береміз деп отыр. Алайда құрылыстың нақты уақытысы белгісіз. Айтуларынша, жұмысқа жауапты мердігер мекеме жақында ғана бекітіліпті.

«Желтоқсанда конкурс нәтижесі анықталды да, мердігер мекеме белгіленді. Қазір атқарылған жұмыстарды олар өз қалтасынан жасап жатыр. Жұмыс бітеді ақшасын аударамыз. Сөйтіп биыл бітіріп береміз», — дейді Түлкібас ауданы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Жартыбаев.

Ал үйдің ішкі касбеті де мәз емес. Тұрғындар көшіп келгелі бері төбеден аққан толассыз су мен азынаған желден шаршағандарын айтады. Одан қала берді сапасыз жасалған құбырдан жоғары қабатқа су жетпей қалатынды шығарыпты. Жанайқайын жеткізген жұртшылық енді үйдің қабырғасы да сөгіле бастады дейді.

«Міне, тиіп қалсаң құлап жатыр. Тиісуге қорқамыз. Қараңыз, міне былқылдап тұр. Әктейін десек келмейді. Ал ас бөлмеден су ағып жатыр. Сап сары болып кетті. Білмейміз неге олай?», — дейді Састөбе ауылының тұрғыны Зарина Аязбаева.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы бұған дейін жауапты мердігер бірнеше рет келіп, нысанды ретке келтіргенін айтады. Алайда өзгеріс болмаған. Сондықтан жақын күндері құрылыс жүргізген мекемеге хат жіберіпті. Соған сай олар 1 айдың ішінде мәселені шешуге уәде берген көрінеді.

«Біз округ әкімі бар, мамандар бар, бәріміз жиналып көргенбіз. Сондықтан мердігерге акт жібердік. Олар жөндейтін болды. Су кеткен шатырдан бастап жөндейтін болады. 1 айдың ішінде қайта қалпына келтіруге келісті», — дейді Түлкібас ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұриддин Ештаев.

Ал Түлкібас ауданының әкімі мәселеден хабары бар екенін айтады. Сөзінше өздері тексеріп шығып, қайта жөндеуге жіберуге шешім қабылдаған. Ал кезінде нысанды пайдалануға берер тұста, сапасы сын көтермейтін жұмысты кімнің қабылдап алғанын әкім білмейтін болып шықты.

«Кепілдік мерзімі бар. Ол кезде кім қабылдап алғанын білмеймін. Басы қасында болған жоқпын. Қабылдап алған адамдар да қазір жоқ. Қазір эксплуатация. Мердігер ары кетсе наурыз айының соңына дейі жөндеп беруге дайын отыр», — дейді Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов.

Жергілікті халықтың мұндай уәдені тыңдап келе жатқанына 2 жыл болған. Сондықтан олар тірлік іс жүзінде қолға алынып белгілі бір нәтиже көрмейінше ешкімге сенбейтін күйге жеткендерін айтады.