Шымкентте балалар үйінен шыққан блогер құрт сатып жүрген әжейге тосын сый жасады

536

Самат есімімен танылған шымкенттік блогер тағы да қайырымдылық ісімен көзге түсті. Бұл жолы жас жігіт көшеде құрт сатып, нәпақа тауып жүрген әжейді қуантты.

Бұл сәттің видеосы ТікТок желісінде жарияланды. Онда блогер сауда үйлерінің бірінде құрт сатып тұрған әжейге ескерту жасайды. Себебі орталықта құрт сатуға болмайды, сыртқа шығу керектігін айтады. Ақ жаулықты ана болса, дереу сыртқа шыққаны сол блогер әжейден құрт бағасын сұрайды. 100 теңгелік құртты қымбатсынған жас жігіт сатушы кейуанаға өзі студент екенін алға тартып, бір данасын тегін беруін өтінеді. Сатушы болса, еш қарсылықсыз «Ала қой! Бұйырсын, айналайын» деп шын ниетпен сатып жүрген құртын тегін бере салады.

Өзін Күләйше деп таныстырған сатушы әжейге блогер өзі секілді қайырымдылықпен айналысып жүрген үш жігітті әкеліп, олар да студент екенін, құртты тегін беруін сұрайды.

«Міне, тегін алыңдар! Құдай өзі жеткізеді. Бала-шағам аман болсын, бастысы»,-дейді сатушы.

Осы сәтте блогер әжейге ақкөңілдігі мен қолының ашықтығын алға тартып, 200 мың теңгені сыйға тартады. Мұндай тосын сыйды күтпеген сатушы қатты қорқып тұрғанын  жасырмайды.

«Не үшін? Шынымды айтсам, қорқып тұрмын. Білмеймін… Мұндай ақшаны ешкім бермеген. Көп болса мың теңгеге құрт алады. Мына ақшаларың көп қой. Алла разы болсын!  Жұмыс істейсіңдер ме барлығың? Жұмыстарыңа Алла береке берсін! Дендерің сау, отбасыларың аман болсын! Мен сияқты мейірімді жандарға мейірімді адамдар көмек бере берсін. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Осы жүрісімізге шүкіршілік етейік. О тоба! Енді мынаны үйге қалай апарымын? Балаларым ұрысатын шығар маған»,-дейді әжей.

Күләйше есімді зейнеткер әңгіме барысында осылай сауда жасап жүріп, көшеден 20 теңге тауып алғанын айтты. Содан дереу қызына хабарласқан. Қызы сол жерде тұрыңыз деген. Көп уақыт өтпей бір келіншек пен күйеуі келіп, «Апа, мына жерден 20 мың теңге көрмедіңіз бе?» деп сұрапты.

«Дереу ақшаны ұстаттым. Тек менен 1-2 құрт сатып алсаңдар болды деп айттым. Оған да шүкір. Әлгі келіншек аяғы ауыр екен. Әбіржіп тұр. Күйеуі жүгіріп жүр. Алла өзі жеткізеді ғой. Аман болып, аман-есен босанып алуын тілеп қоштастық»,-дейді сатушы.

Видеоны көрген желі қолданушылары Алланы аузынан тастамайтын әжейге тілекші болды.

«Аналарымыз аман болсын», «Алла разы болсын сізге», «Бәрі көзіңізде тұр ғой жазылып», «Алланы аузынан тастамайтын апамызға Алла разы болсын», «Адал апам-ай. 20 мың теңгені Алла тағала 200 мың теңге етіп еселеп беріп тұр ғой», «Алланың 99 есімін айтып тұр. Бер десе, бере салды. Қолы ашық», «Алла жеткізеді деген сөзінен» деп жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, блогер Самат Есебаев Арыс қаласындағы балалар үйінің түлегі.