Караокеде оңтүстіккореялық әнші PSY-дің «Gangnam Style» әнін жанды дауыста орындаған қазақ жігіті көпті таң қалдырды. Бұл сәттің видеосын әуеқой әнші жігіт ТікТок парақшасында жариялады.
Бейнежазба караоке клубтардың біріндегі түсірілген. Достарымен бірге көңіл көтеруге келген жігіт «Gangnam Style» деп ән салып, тіпті өз достарын да таң қалдырады.
Желі қолданушылары да кәріс тілінде ән салған жас жігітті қызу талқыға салды.
«Бұл әннің де сөзін жатқа білетіндер бар екен ғой», «PSY саған шай құяды», «Мәссаған! Мықты! Жігітке респект!», «Мына әннің сөзін өзі жазған-ау деймін», «Күшті», «Оригиналы ма? Түсінбей қалдық қой. Сонда бұл әнді қазақтар шығарған ба?», «Тура бір өзінің әні сияқты айтып тұр ғой», «PSY сізге пародия жасап жүрген сияқты ғой», «Базар жоқ айтып тұр ғой», деп жазды желідегілер.
Көптің қызу талқысына түскен кейіпкерінің есімі — Қанағат Дауылов. Түркістан облысы Келе сауданы Абай ауылында тұрады.
Бала күнінен ән айтуға құштар болып өскен ол бұл өнер нағашы жұртынан дарығанын айтады. Анасы да ара-тұра ән айтады екен. Ал оңтүстіккореялық әншінің туындысын алғаш рет 2019 жылы той-жиында айтқан. Ол кезде Қанағат музыкант болып жүрген. Бірақ соңғы жылдары бұл саладан кетіп, әнді тек караокеде айтып жүр екен.
25 жастағы жігіт кәріс тілін мүлдем білмейтінін, әннің сөзін тек жаттап алғанын айтты. Тіпті әннің мағынасын да білмейді. Тек музыка ырғағы қатты ұнаған. PSY-дің «Джентельмен» деген әнін де жатқа біледі.
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан видео 8 наурыз қарсаңында түсірілген. Бейнежазбаны ТікТок парақшасына жүктеген ол желі қолданушылары тарапынан қызу талқыға түседі деп ойламапты.
«Ән айту – тек хоббиім. Видеоны парақшамда жариялаған соң туыстарым, достарым, таныстарым жан-жақтан хабарласып жатыр. «Фонограммамен айтып тұрсың ба?» деп сұрағандар да болды. Оларға видеоның толық нұсқасын жіберген соң барып жанды дауыста екеніне көздері жетті. Тіпті танымайтын адамдарда да жылы пікірлерін қалдыруда. Қателеспесем, 99 пайызы жақсы пікірлер жазып жатыр. Шынымды айтсам, мұндай реакция күтпедім. Ең қызығы, отбасы мүшелерім «мой шок в шоке, мұндай өнерің барын білмеппіз» деп жатыр ғой (күліп). Негізі олар менің ән салатынымды біледі, бірақ кәріс тіліндегі әнді айтқаныма кәдімгідей таң қалып отыр»,-деді Қанағат Дауылов.
Жас жігіт шетелдік әншілерге қарағанда қазақ өнер жұлдыздарын өзіне кумир санайды. Атап айтқанда, Мейрамбек Беспаев, Мирас Жүгінісов, Ғазизхан, Қазыбек Құрайыштың әндерін сүйіп тыңдайды.
Қанағат Дауылов туризм және спорт мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде аудандық полиция бөлімінде жүргізуші болып еңбек етеді.