Қазығұртта былтыр 150 мың көшет тегін таратылған

56

Түркістан өңірінде ағаш егу науқаны басталды. Соған орай Қазығұрт ауданында арнайы семинар-кеңес өтті. Онда өңірде өсірілетін көшеттер мен оларды баптау тәсілдері таныстырылды.

Былтыр көктемде «Жасыл желек» тұқымбағы елдімекендерді көгалдандыруға 150 мың тегін көшет таратса, биыл меже 250 мыңға артпақ. Дәл осындай игілікті іс атқарып, өңірдің гүлденуіне атсалысып отырған мекеме Қазығұрт ауданы орталығында семинар-кеңес өткізді. Шараға арнайы келген өңір басшысының орынбасары тұқымбақты аралап, мұнда өсетін ағаш түрлерімен танысты.

«Жасыл желек» мекемесінде бозарша, жайарша, қарағаш, айлант, үйеңкі, шаған, терек, каштан, акация сынды 3 миллионнан астам көшет бар. Оның 250 мыңы осы көктемде егіледі деп жоспарланған. Мамандар ауылдық жерде отырғызылған көшеттердің біршамасы қурап кетіп жатқанын айтады. Оған себеп дұрыс күтім жасалмай отыр. Сондықтан ғылыми орталық директоры өз тәжірибесімен бөліспек.

«Бұл көшеттерге байланысты біраз мәселе болды, қарамай мал жеп, қуғап қалғандары болған еді. Бұл түзелетін нәрсе. Енді менің айтарым. Питомниктен алғаннан бастап, оны жеткізу, қалай отырғызу, шұқырын қаншалықты қазу керек. Соның бәрін көрсеттік», — дейді Ясауи білім тарату орталығының директоры Битөре Жұмаханов. 

Семинар барысында әр ауданнан жиналған тұқымбақ иелері тал отырғызу тәсілдерін талқылап, елді мекендерді көгалдандыру мен көшет өсірудегі негізгі проблемаларды сараптады. Қазір Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Ордабасы, Отырар ауданында көктемгі ағаш егу науқаны басталды. Сондықтан жиын соңында жауапты мамандар бейімделген көшет түрлерін дұрыс орналастыру шарасын да пысықтады.