Шымкентте біраз мектеп күзетсіз қалды

90

Шымкентте мектептер күзетшісіз қалды. Олар мемлекеттік сатып алу конкурсын төмен бағамен өткізілді деп санайды. Сондықтан өткен аптада күзет компаниялары барлық қызметкерлерін білім ошақтарынан алып кетті. Ал қазір білім ұялары бұл олқылықтың орнын техникалық қызметкерлер есебінен толтыруға тырысып жатыр.

Шымкенттік мектептер күзетсіз қалды. Естеріңізде болса 2023 жылдың соңында күзет агенттіктерінің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты наразылығын жеткізген едік. Енді олар өз күзетшілерін білім ошақтарынан алып кетті. Ал қазір қарауылсыз қалған мектептер бұл жұмысқа техникалық қызметшілерді уақытша жұмылдыруда. №24 мектеп директорының әкімшілік шаруашылық жөніндегі орынбасары кеше түнде кезекшілікте болғанын айтады. Ал бүгін басқа маман орнын алмастырады.

«Мектепте күндіз мұғалімдер кезекшілікте болады. Ал техникалық қызметкерлер 1 күн демалып түнгі уақытқа қалып жатыр. Мысалы кеше мен кезекшілікте болдым. Бұл үлкен проблема болып тұр. Себебі бүгін сантехникті босаттым. Бірақ Құдай сақтап ешқандай поломка болмады. Ол енді ертең кешке күзетке түседі», – дейді директордың әкімшілік шаруашылық жөніндегі орынбасары Қуандық Көбесов.

Бұл жағдайға қатысты шымкенттік тұрғындардың ойы әрқилы. Бірі бала қауіпсіздігіне алаңдаса, енді бірі күзеттің керек еместігін айтады.

«Күзетші керек деп ойлаймын. Мемлекеттік мүліктер бар, техникалар бар, одан қала берді балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек».

«Мемлекеттік күзет болса керек. Жеке меншік күзетшілердің болғаны керек емес».

«Не керегі бар күзеттің. Мектеп түрме емес, мектептің айналасының бәрін қоршап тастаған. Оның не керегі бар», – дейді қала тұрғындары.

Қалада қазір 124 мектепте арнайы лицензияланған күзетші жоқ. Ал 500-ге тарта адам жұмыссыз қалды. Оған себеп мемлекеттен бұл салаға бөлінген қаражаттың аздығы. Ал білім басқармасының басшысы жаңа конкурс жарияланғанын айтады.

«Күзет қауымдастығы тарапынан ешқандай күзет компаниясы сіз ұсынған бағаға бармайды деді. Содан кейін 2 айға олармен жасасқан келісімшартты ұзартуды сұрадық. Екі тарап та келісті. Келіспеген компаниялар жылдың соңында бірден келісімшартты бұзды. Ал қазір ашық конкурста қалған компаниялар қатыса алады. Ал бұл мәселенің шешімін біз уақытша штат ашу арқылы шешіп отырмыз ашық конкурс өткенше», – дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

Айта кетейік, қаламызда күзетуді қажет ететін 147 мектеп бар. Оның қазір 23-і қарауылмен қамтылған.