Шымкенттіктер жылуға 942 млн теңге қарыз

75

Шымкентте жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталады. Биыл жылу беру мерзімі әдеттегіден 28 күнге артық уақытқа созылды. Соған қарамастан қала тұрғындарының жауапты мекемеге берешегі 1 млрд. теңгеге жуықтаған.

Шымкенттіктер жылу үшін 942 млн. теңге төлемеген. Оның 779 млн-ы биылғы берешек болса, 162 млн теңге 2017 жылдан бері келе жатқан қарыз. Берешегінен құрылуға асықпайтындардың басым бөлігі Әл-Фараби ауданының тұрғындары екен.

Жылу үшін қарыз көлемі:
Әл-Фараби ауданы – 363 094 411 тг.
Абай ауданы – 73 863 002 тг.
Еңбекші ауданы – 72 508 744 тг.
Қаратау ауданы – 252 534 935 тг.
Тұран ауданы – 180 170 541 тг.

Тұрғындардың берешегіне қарамастан биыл жылыту маусымының уақыты ұзарды. Атап айтқанда 20 қазанда берілген жылу, 1 сәуірде сөндіріледі деп көзделіп отыр. Ал жоспар бойынша үшінші мегаполисте 2023-2024 жылғы тұтыну мерзімі 136 күнді құрау керек. Алайда ауа-рауының күрт өзгерісіне қарай 164 күнге созылған.

«Норма бойынша 6 қарашада басталып, 22 наурызда аяқталуы керек. Бірақ оған қарамай біз 2023-2024 жылғы жылу маусымын 20 қазанда бастадық. Мына күн райына қарасаңызшы. Күндіз күн ысып кетеді. Түнде суып кетеді. Қөпқабатты үйлер тез суиды. Соған байланысты жылу маусымы 1 сәуірде аяқталады», дейді «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің басшысы Асқар Құдайбергенұлы. 

Мамандар көрші Тараз қаласында жылыту маусымы 162 күнге, ал Кентауда 156 күнге созылатынын айтады. Соған байланысты олар келер жылдары мерзімді өзгертуге ұсыныс беріпті. Ал тұрғындар қарызын өтеу бойынша сот орындаушылармен жұмыс жүргізіліп, қаражат өндіріліп жатқан көрінеді. Десе де қалада 1 ғана тұрғын үйдің берешегі 7 млн-нан асқан. Сондықтан мамандар азаматтардың төлем қабілетіне қарай өсімпұлды алып тастауға мүмкіндік беретінін жеткізді.