Түркістан облысының тұрғыны Атырауға көмекке барамын деп көз жұмды. Қайғылы жағдай Шымкент қаласындағы темір жолда орын алған. 10 жылдан бері жүк көлігін айдайтын Қайырбек Қоспанов сапарға аттанарда, тонналаған темір астында қалып, қаза тапты.
Ордабасылық азамат Қайырбек Қоспанов Атырау облысына көмекке барамын деп қаза тапты. Қайғылы жағдай сапарға аттанарда орын алған. 35 жасында 7 баласымен жесір қалған келіншек бұл жағдайға әлі күнге сенбейтінін айтады.
«Өзің бармай-ақ қойсаң болмай ма деп бірнеше рет айттым. Содан ол «жоқ барып келейін. Атыраулық ағайынды көреп қайтайын. Кішкене де болса, көмегімді тигізейін» деп қоймады. Бірақ көңіл-күйі ерекше көтеріңкі болды. Балаларды да еркелетіп, бәрімізге ерекше мейіріммен қарады. Есімді әлі күнге жинай алмай жүрмін. Сыртым бүтін, болғанмен ішім түтін болып жүр», — дейді марқұмның жары Сара Әлібекова.
Марқұмның осыдан 6 ай бұрын сегізінші сәбиі аяқ астынан көз жұмған. Сондықтан әйелі оны бұл сапарға жібергісі келмепті. Алайда 13 сәуір күні ол Атырау облысына көмекке жолға шықпақ болыпты. Өзінің темір тұлпарын теміржолда тиеп болып, досына көмекке барған сәтте жүк көлігінің дөңгелегі тайып, ер азамат қапыда тонналаған темір астында қалған дейді куәгерлер.
«Өте мейірімді, ақкөңіл бала еді. Ол өз көлігін тиеп болғаннан кейін, қасындағы досының машинасын темірге тиейін деп бара жатқан кезде аяқ асты машина платформадан тайып, басып қалған. Жедел жәрдем жетем дегенше Қайрош қайтыс болып кетеді. Бәрі ол жерде милиметрмен өлшенеді ғой. Машинаның бір дөңгелегі платформадан тайып кеткен. Сол кезде Қайырбек кабинадан түсіп кеткен да, темірдің астында қалып қойған», — дейді марқұмның көршісі Бақытжан Гусейінов.
37 жасында өмірден өткен Қайырбек Қоспанов жүк көлігімен Атырауда құм тасып, көмек көрсеткісі келген. Алайда арыстай азамат мезгілсіз ажал құшып, артында 4 ұл, үш қызы қалды. Үлкені 16 жаста болса, кенжесі небәрі 2 жарым жаста.