Келес ауданының Ошақты ауылдық округі аумағынан 500 гектар алқапқа көп жылдық гүлдер мен көшеттер өндіру ісі қолға алынбақ. Жоба құны 150 млн теңгені құрайды. «Вoss group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастамасымен қолға алынған жоба 2025 жылы іске асуы көзделген.
Бұл туралы аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев Келес аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ахмет Мухамеджановтың төрағалығымен өткен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мәлімдеді.
– Бүгінгі заман талабына сай, тың технологиялық тәсілдермен өсірілетін бақ құру үшін қажетті шаралар ұйымдастырылуда. Кәсіпкер есебінен жүзеге асатын жоба 10 адамды жұмыспен қамтып, қажетті ағаш көшеттерін жетілдіріп беру ісін қолға алады. Қазіргі таңда Ошақты ауылдық округі аумағынын жер учаскесі таңдалып, рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде, — деді бөлім басшысы.
Келес аудандық Қоғамдық кеңесінің 2024 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарына сай өткізілген Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудан аумағындағы шаруа қожалықтарын ірілендіру, кооперативтер ұйымдастыру бағытында атқарылған жұмыстар, Қазыналы қария – тең қоғам мемлекеттік коммуналдық мекемесінің және Бірлесу ауылдық окугінде атқарылған жұмыстар туралы есептері тыңдалып, орын алып жатқан олқылықтар Кеңес мүшелері тарапынан атап көрсетіліп, тиісті ұсынымдар берілді.