Шымкенттік оқушылар арасында «Кітап әлемді бағындырады» акциясы өтті. Шараға 116 бала мен мектеп ұстаздары қатысқан. Мерекелік жиынның ерекшелігі қатысушылар бір-біріне қалаған кітабын сыйлап, түрлі психологиялық ойындар ойнады.
Шымкентте әлем әдебиеті үшін символикалық дата қарсаңызда Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Кітап әлемді бағындырады» акциясы өтті. Онда білім ордасының оқушылары мен ұстаздары бір-біріне кітап сыйлады. 8 сынып оқушысы Аида Аралбек өз сыйлығын алып қуанышқа бөленгенін айтады.
«Маған осы акция қатты ұнады. Себебі 1 ай бойы маған кім түсті екен деп жүргенмін. Сөйтсем апай түсіпті. Өзімен ұнаған кітабымды алып алдым. Бұл кітап желісінде кино түсірілген екен. Сондықтан ұнады. Әлі оқымағандықтан іші қандай екенін білмеймін. Бірақ енді оқитын боламын», — дейді Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Аида Аралбек.
Шара қатысушыларына 1 ай бұрын арнайы анкета жіберілген. Онда оқушылар өздеріне ұнайтын кітаптың атын жазып қалдырыпты. Ұйымдастырушылар оқулықтың бағасын нарықтан қарап, соған сай бір-біріне жұп етіп қойған. Алайда 100-ден аса қатысушы әдебиет туындысын кімге сыйлайтынын арнайы мерекелік кездесу кезінде білді.
«Бұл жобада балалар өздеріне ұнаған кітапты алу мүмкіндігіне ие. Шараға қатысу үшін 1 ай бұрын анкета жібергенбіз. Сонда балалар өздеріне қалаған кітаптың атын жазды. Кейін сол кітапқа қарай өз жұптарын таңдадық. Қызығы балалар жұбы кім екенін білмейді. Тек шара кезінде сурет арқылы көрсеттік. Солай бір-бірін тапты», — дейді «Кітап әлемді бағындырады» кітап сыйлау акциясының ұйымдастырушысы Жазира Есқараева.
Мерекелік акция аясында психолог мамандар түрлі ойындар ұйымдастырды. Мамандар бұл балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқушылар арасында достықты нығайтатынын айтады.