Сарыағаш ауданындағы шипажайлардың бірінің иесі су тасқынынан зардап шеккендерді уақытша баспанамен қамтуға дайын екенін мәлімдеді. Кәсіпкер өзінің иелігіндегі сауықтыру орнына 100 адамды орналастырмақ.
Шипажай иесінің видеоүндеуі ТікТок желісінде жарияланды. Онда өзін Ғазиз Шопанов деп таныстырған ер адам өзі секілді кәсіпті дөңгелетіп отырған әріптестеріне үндеу тастайды.
«Құрметті қазақ елі, қазақ халқы! Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар. Бауырларым, ағайындарым. Сіздердің басқа түскен Алланың сынағына ортақ бола отырып, Алла жеңілдігін берсін деп тілектеспіз. Мен кәсіпкер Ғазиз Боранұлы Шопанов өзіме тиесілі мына ғимараттан 100 адамға уақытша баспана беруге шешім қабылдадым. Бұл шешімге өзім тәрізді әріптестерім қосылады деп ойлаймын. Қазақстан бойынша 300-ге жуық шипажай бар екен. Сол 300 шипажай 100 адамнан қабылдайтын болса, 30 мың адамға баспана беруге мүмкіндігіміз бар екен. Осындай қиын сәтте, халқымызға үлкен сынақ түскен кезде осы сынақты бірге жеңіл өткізуге жәрдемдесейік. Қосылайық, баспана берейік. Халқымызға қолдан келгенше жәрдем жасайық»,-дейді кәсіпкер.
Бұдан өзге шипажай иесі өз сөзінде су басқан өңір әкімдеріне уақытша панаға мұқтаж тұрғындардың тізімін жасап, Сарыағаш өңіріне жіберсе, қабылдап алуға дайын екенін алға тартады.
Еске салсақ, наурыздың соңғы күндері күн райы жылынып, қар қарқынды еріді. Оған толассыз жауған жауын-шашын қосылды, өзен сулары тасыды. Еліміздің Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Ақмола, Абай облыстарындағы елдімекендерді су басып, қауіпті аймақтарда төтенше жағдай жарияланды.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың соңғы дерегіне сүйенсек, жақын арада бүкіл ел бойынша жауын-шашын болып, күн күрт жылынады деп күтілуде. Қардың тез еруінен су қоймалары толуда. Бүгінгі таңда солтүстік, шығыс және орталық аймақтардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында. Сондықтан су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары күшейтіліп отыр.