Жыл басынан бері 215 азаматқа тұрғын үй сертификаты берілген

36

Шымкентте 50 мыңнан астам адам тұрғын үйге кезекте тұр. Бұл тізімде көпбалалы отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер және әлеуметтік осал топтағы азаматтар бар. Тұрғындар енді көпқабатты үй құрылысының сапасына алаңдамауына болады. Себебі тиісті басқарма басшысы жаңа ғимараттардың құрылысына бақылау күшейтілетінін айтады. 

Шымкентте көпқабатты үйлердің құрылысына қатысты арыз жиі айтылады. Тұрғындар заңды талаптарын орындамайтын және жұмысын кешіктіретін құрылыс компанияларына әлі де шағымданып келеді. Тиісті басқарма өкілдері әрбір құқықбұзушы айыппұл төлеп, егер нәтиже шықпаса лмцензиясынан айрылатынын жеткізді. Сөзінше, жаңа құрылыстарда бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ, салынған тұрғын үйлердің кепілдік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзарады.

Азат Исламов, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қазір қолданыстағы келісімдер бойынша 5 жыл болатын. Бірақ қазіргі таңда құрылыс басқармасының мәліметі бойынша 2 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Шымкент қаласының 3071 тұрғыны үймен қамтылды. Сатып алу құқығынсыз арендалық 1687 пәтер беру жоспарланып, оның ішінде 1407-і пәтер табысталды. Оның ішінде: жұмысшы жастарға жастарға -888 пәтер, жетім балалар – 122, көпбалалы отбасылар – 131, әлеуметтік осал топ – 160, мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер-106 берілді».

Жауаптылардың сөзінше, биыл 200 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. 22 қаңтардан құжат қабылдау басталып, бүгінге дейін 215 азаматқа 197,7 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. Оның ішінде: мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар, бюджеттік мекеме қызметкерлері, көпбалалы отбасылар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

«Аталған сертификаттар алғашқы жарнаның бір бөлігін 1 млн теңгеге дейін мөлшерде беріледі. Ол үшін азаматтар егерде «Отбасы Банк» «2-10-20», «5-10-20» бағдарламалары арқылы өтіп, төлем қабілеттілігін растап, осы үйдің алғашқы жарнасын құюға келген кезде сол уақытта ала алады. Бұл өтініш тіркелген кезде олардың табысы есептеледі. Егер олардың табысы 3/1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын болса, міндетті түрде 1 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты беріледі», -дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов.

Шымкентте биыл екінші жыл қатарынан «Қамқор» бағдарламасы жұмыс істейді. Ол арнайы санаттарға жатпайтын жандар үшін қолжетімді. Бұл тізімде дәрігерлер, медбикелер, Жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, жеке ұйымдарда жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер бар. Тізімге мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер де енді. Несие бойынша бастапқы жарна 10%, ал жылдық мөлшерлеме — 5 пайызды құрайды.