Жанармай тапшылығы ауыл шаруашылығындағы, жанар-жағармай сату саласындағы кәсіпкерлерді жыл сайын мазалайтын жайттың бірі болатын.
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, осы мәселе талқыланды. Жиынға Палата директоры Сабира Адамбекова, Шымкент қаласы бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігінің, Шымкент қаласы әкімдігінің энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» («ПҚОП») ЖШС басшылары, жанар-жағармай қауымдастығының жетекшілері «ҚазМұнайГаз» АҚ мен «PETROSUN» компаниясының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жұмыстарына тұрғанда жанар-жағармай тапшылығының алдын алуға арналған жұмыс жоспары, жеңілдетілген жағармайды бөлу, заңсыз мұнай айналымымен күрес сияқты мәселелер қаралды.
«Мұнай саласындағы заңсыз әрекеттермен күрес – департамент жұмысының басты бағыттарының бірі. Жанар-жағармай сататын заңды тұлғалардың жұмысына үнемі мониторинг жасалып тұрады, мұнай өнімдерін тиісті құжатсыз немесе жалған құжатпен сату мәселесі басты назарда тұрады. Шымкентке мұнай өнімдерін жеткізуші негізгі компанияның бірі – «ПҚОП» ЖШС зауыты қазір жоспарлы түрде жұмыс істеуде. Юұл жиынның мақсаты – мұнай өнімдері саласындағы заңсыздықтың алдын алу, проблемалы мәселелерді шешу жолдарын қарастыру. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің жұмысына да қолайлы жағдай туады», – деді Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы.
«ПетроҚазақстан ОйлПродакст» компаниясының өкілі зауыттағы мұнай өнімдері туралы мәлімет берді.
«2024 жылдың 1 қаңтарынан 1 сәуірге дейін зауытта 1 млн 300 мың тоннаға жуық мұнай өңделді. Оның ішінде АИ 92 жанармай – 449 000 тонна, АИ 95 – 71 000, дизель отыны – 380 000, авиакеросин – 80 000, мазут – 194 000, газ – 85 000 тонна. Қазір зауыттағы қалған өнім көлеміне келер болсам, АИ 92 бензині – 6 300, АИ 95 жанармайы – 5 800, дизель – 11 000, авиакерсин – 4 000, мазут – 14 000 тонна бар. Зауыт жөндеу жұмыстарына тоқтағанда жанармай тапшылығының барлық жағы ескеріледі. Тиісті жұмыс жоспары «ҚазМұнайГаз» компаниясымен, ҚР Энергетика министрлігімен келісіледі. Қазіргі таңда зауытта толық жөндеу аяқталған», – деді «ПетроҚазақстан ОйлПродакст» ЖШС даму және коммерция бойынша вице-президенті Ерлан Кесікбаев.
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, мұнай өнімдерін бақылау нәтижесінде осы саладағы заңсыздықтың алдын алуға болады.
«Қазіргі таңда «ПҚОП» ЖШС 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда бензин өнімін – 55 мың тоннаға, дизельді 9 мың тоннаға көп шығарды. Жалпы, зауыт былтыр 2 млн 82 000 тонна жанармай, 2 млн 2 000 тонна дизель шығарып, сол көлемде сатты. Қазіргі таңда қалада 196 АЖБ тіркелген. Онда биылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша 72 000 тонна дизель сатылған. Бұл – былтырмен салыстырғанда 110 пайызға көп. Шымкентте жанармайға ай сайынғы қажеттілік 24 000 тонна болса, дизель отыны, маусымына қарай, 11 000-нан 15 000 тоннаға дейін қажет. Жалпы, бұл мәселелер біздің департамент тарапынан үнемі бақылауда. Камералық бақылау көрсеткіштерінің нәтижесінде біз былтыр мұнай өнімдерін тиісті құжатсыз сатқан екі заңды тұлғаны анықтадық, олар мазут өнімдерінің шығу тегін көрсетпей сатқан. Ол бойынша материалдар экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Оған қоса анализ бойынша 2023 жылы бір АЖБ-де 5,4 тонна дизельдің тиісті құжатсыз сатылып жатқанын анықтадық. Қазіргі таңда Шымкент мұнай өнімдерін өңдеу зауытында есептеу-бақылау құралы орнатылып жатыр, ал 1 шілдеден бастап бұл құрал қалған мұнай базаларында орнатылуы тиіс. Сонда мұнай өнімдеріне мемлекеттік кірістер департаменті жағынан бақылау жасау жеңіл болады», – деді Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Руслан Жазықбаев.
«Биыл 2023 жылмен салыстырғанда жанармай тапшылығы бойынша арыз-шағым түсіп жатқан жоқ. Дегенмен, бізде жоспарлы және жоспардан тыс талдау жұмыстары жүргізілуде. Әзірге құқық бұзушылық анықталмады. Жылда жанармай тапшылығы болатын еді, биыл тиісті жұмыстар нәтижесінде әзірге ондай тапшылық орын алмады. Оған қоса сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік субъектілерге бөлуде теңдік принципі және ереже сақталуы тиіс. Жуырда автогаз сатушы мекемелер қауымдастығының басшылығынан газды бөлу бойынша арыз түсті. Біз тиісті тексеру жүргізіп жатырмыз», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің жетекшісі Ернар Қосбаев.
Жиынды қорытындылаған Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы жанар-жағармай тапшығын болдырмау және мұнай өнімдерін сату саласындағы заңсыздықтың алдын алу бойынша біріккен жұмысты алдағы уақытта да жалғастыруды ұсынды.