Оқушылар Аналар күніне орай іс-шара ұйымдастырды

360
фото Отырар.кз

Енді мамыр айының екінші жексенбісі ресми түрде аналар күні деп бекітілді. Кеше 12 мамыр барша қазақстандық аналарын бұл мерекемен құттықтады. Ал бүгін шымкенттік оқушылар жарық өмір сыйлаған аналарына арнап мектеп қабырғасында іс шара ұйымдастырды.

2023 жылдың маусымында үкімет мереке күнтізбесіне сәйкес мамыр айының 2-ші жексенбісін Аналар күні деп бекітті. Бұл көптеген елде анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтілетін маңызды мереке. Бұл күн Шымкентте де тойланды. Мегаполис оқушылары мектепте аналарын құттықтап, арнайы іс шара ұйымдастырды.

Әнел Әдиева, оқушы: «Мамыр айының 2-ші жексенбісі бізде Аналар күні деп бекітілді. Біздің мектебімізде өте үлкен іс шаралар өтіп жатыр. Мен оған өте қуаныштымын. Аналар өмірімізде үлкен рөл атқарады. Сондықтан да аналарға осы мерекені арнағаны үшін қуаныштымын»

Шараға ата-аналармен қатар, «Бибі аналар» кеңесінің мүшелері де қатысты. Олар оқушыларға ананың қадірі мен ана мен бала арасындағы қарым қатынас туралы айтты.

Патима Бөлешова, «Бибі аналар» ұйымының кеңесші: «Президентіміз бүгінгі күнді Аналар мерекесі деп бекітті. Бүгінгі мерекемен мектеп оқушыларын, оқушы қыздарды да шын жүректен құттықтаймын. Олар да келешек ана.  Әлемнің даналығы, барлық құрметі әйелдердің бойынан табылады деп ойлаймын. Сондықтан барлық керемет те, әдемілік те, мейірімділік те, әйел ұғымына кіреді. Сол қасиетіменен ұрпақты тәрбиелейтін аналар аман болсын деп тілеймін»

Аналар күнін атап өту ананың қоғамдағы рөлін арттыруға, әр азаматтың ата-анасына құрмет көрсетіп, алғыс айта білуге тәрбиелеуге бағытталады. Бұл отбасы институтын сақтау мен нығайтудағы маңызды қадам. Аталмыш мерекенің білім ошақтарында арнайы аталып өтілуінің де маңызы зор. Өйткені болашақ отбасы институтыны негізі бала шақтан қаланатыны белгілі.