Шымкентте жыл басынан бері 174 адам жіті ішек инфекциясын жұқтырған. Оның 130-ы балалар. Ауру себебі – жеке гигиенаны сақтамау. Мамандар елдің өзге өңірлерінде болған су тасқыны да ішек инфекциясын, тырысқақ ауруын тудыруы мүмкін екенін айтады.
Еліміздің бір қатар өңірінде болған су тасқыны кезінде молалар мен дәретханаларды да су шайды. Судың ластануы салдарынан жіті ішек инфекциясы, тырысқақ және басқа да паразитарлы аурулар туындауы мүмкін. Бұл туралы санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары мәлімдеді. Жыл басынан бері Шымкентте 174 адам жіті ішек инфекциясымен тіркелген. Сондай-ақ, науқастармен байланыста болған адамдар да бақылауға алынған.
Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары: «Күнделікті тұрғындар арасында жіті ішек инфекциялары тіркеліп жатыр. Адамдардың іші өтіп жатыр. Статистикаға жүгінетін болсақ, осы жылдың 4 ай мерзімінде 174 адамның ЖІИ-мен медициналық көмек алғаны белгілі. Биыл көктемгі кезеңде Үндістан елінде бірден тырысқақ ауру бас көтерді. Сол жақтан бізге келетін студенттер бар, олардың бәрін дер кезінде оқшаулап әбден тексертіп анализдерін медициналық бақылаудан қарап, дендері сау болған соң өз оқуларына қосылып кетті».
Шымкентте жіті ішек инфекциясын жұқтырған 174 адамның 130-ы 14 жасқа жейінгі бала. Бұл ауру жұқтырудың 74 пайызын құрап отыр. Мамандар статистика өткен жылға қарағанда 3,9 есеге көбейгенін айтады. Басты себебінің бірі — балалардың жеке гигиенаны дұрыс сақтамауы.
«Басқа ішек инфекцияларында құсып, температура көтеріліп, ары қарай іші өтсе, тырысқақ кезінде ондай болмайды. Тырысқақта температура көтерілмейді, сол себепті де оған халық мән бермейді. Солай боп қалды деп ойламайды. Іші өте береді. Үлкен дәреті иіссіз болады. Құсуы фонтан сияқты болады», — деді Шымкент қаласының ДСБ штаттан тыс инфекционисті Мұрат Ағабаев.
Холера немесе тырысқақ үлкен әрі қауіпті пандемия туғызатын ауру. Бұрын соңды мұндай індет Қазақстанда тіркелмеген. Бірақ Шымкент қаласында 20 ғасырдың аяғында, яғни 1997-98 жылдары соңғы рет тырысқақ ауруы тіркелген. Егер ауру туындай қалса, қаладағы медицина ұйымдары барлық жағдайға дайын дейді мамандар.
«Ауру бас көтерсе, бізде қалада изолятор қарастылырған, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында. Өзінің жоспары бар, соған сәйкес ауру тіркелген кезде ашылады және қарым-қатынаста болғандар пандемия кезіндегі сияқты оқшаулайтын 200 орындық госпитальдар бар», — дейді Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Мамыр мен қыркүйек аралығы аурудың бас көтеретін маусымы. Осы кезде ішек инфекциясы тіркелсе, жұқтырған жаннан дереу зерттеу сынамасы алынып, тексеріліп, бақылауда болады. Бұл аурудан сақтанудың басты жолы көшеде тамақ жемеу, тазалығы күмән келтіретін ашық жерлерден тамақтанудан аулақ болу дейді мамандар. Және ашық су көздерінде шомылу да қауіпті. Сол себепті сенімді бассейндерде ғана шомылу керек дейді олар.