Шымкент: 50 аумақта интернет сапасы нашар

46

Ұялы байланыс компанияларына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде Kcell, Beeline, Tele2 және Altel операторларына 119 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай ақ, мегаполистегі қанша нүктеде интернет сапасы нашар екені анықталды. Мобильді интернет сапасын жақсартуда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Мегаполистің 50 нүктесінде интернет сапасы төмен. Өңіраралық байланыс инспекциясы жүргізген тексеру жұмыстарының былтырғы нәтижесі осындай. Ал биыл бұл мәселені шешу мақсатында қалада 50-ден астам 4G базалық станциясы орнатылмақ. Оның 28-і Beeline компаниясы тарапынан болса, 30-ы Kcell компаниясынан.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «Біз биыл «ОДН» станцияларын қоямыз. «Опора двойного назначения» деп аталады. Осындай станцияны қоюды тәжірибеден өткізгіміз келіп отыр. Себебі көп шетелде, Қытайда, Еуропа елдерінде болсын осындай кішкентай ғана алюминий бағаналарда базалық станциялар тұрады».

2023 жылы Өңіраралық байланыс инспекциясы ұялы байланыс компанияларына қатысты тексеру жүргізді. Нәтижесінде Kcell, Beeline, Tele2 және Altel операторларына 119 млн. теңгеден астам айыппұл салынған

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «2024жылдың 1-ші кварталы бойынша сол 3 компанияға 33 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Сапа жағынан жұмыс жасап отырамыз»

Жауапты басқарма мобильді интернеттен бөлек оптикалық интернет тарту жұмыстары да жүргізіліп жатқанын айтты. Биыл қаладан шалғай орналасқан 20 елді мекен оптика желісімен қамтылады деп жоспарланып отыр.