Шымкентте Елорданың туған күніне орай «Жайна, ару – Астана» мерекелік концерті өтті. Арбат алаңында ұйымдастырылған көңілді кеште қаламыздың өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.
Мәрмәрдан қаланған, Сан сарай, сан арман деп шырқаған Астана Қарғабайдың әнімен әрленген «Жайна, ару – Астана» мерекелік шарасы керемет концертке ұласты. Кеште қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.
Көңілді кешке жиналған халықтың қарасы қалың. Ал Базаргүл Бауддинова мерекеге Ақтөбеден арнайы келіпті. Ол үшінші мегаполистің атмосферасы керемет екен дейді.
«Мен Ақтөбеден келдім. Шымкент керемет қала екен. Маған қатты ұнады. Астана күні құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Базаргүл Бауддинова.
Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шарада тұрғындар мен шаһар қонақтары би билеп, өнерпаздармен қосыла ән шырқады. Сонымен қатар Елорданың туған күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
«Астанамыз көркейе берсін»
«Мен Шымкентке Үндістаннан оқуға келгенмін. Осында әдемі әуен шығып жатқан соң келдім. Мерекелік концерт керемет өтіп жатыр. Маған ұнады»«Астана гүлдана берсін. Керемет, Елордамыз жайнай берсін», — дейді қала тұрғындары.
Ұйымдастырушылар мерекелік кеш халықтың көңілінен шығу үшін концерттік шараны қойылым түрінде өткізгенін айтады.
«Біз өзіміздің бас қаламыздың құрметіне бүгін тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлайлағымыз келді. Мақсатымыз — Астана қаласын насихаттау, оның өсіп-өркендеп келе жатқанына қолдау білдіру», — дейді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.
Биыл Астана төл мерекесі домбыра күнімен қатар тойланады. Соған байланысты концерттік шаралар 7 шілдеде Шымсити аймағында өтеді.