Мәжіліс депутаты кәсіпкерлер мәселесін тыңдады

72
Фото: Отырар.кз

Шымкенттік медициналық өнім шығаратын зауыт жұмысы кері кетіп барады. Оған себеп отандық өнімді нарыққа шығаратын бұйрықтың болмауы. Бұл мәселені кәсіпкер, Шымкентке іс-сапарлап келген ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Руслан Берденовпен кездесу барысында көтерді. 

Шымкенттегі медициналық құрал-жабдық шығаратын кәсіпорын ісі тұралап тұр. Себебі олар 4 жылдан бері өнімдерін нарыққа шығаруға рұқсат беретін 3 бұйрыққа қол жеткізе алмай келеді. Тіпті соның әсерінен 100-ден аса жұмыс орны да қысқарып кетіпті. Бұл мәселені кәсіпкер Мәжіліс депутатымен кездесуде көтерді.

«Денсаулық сақтау министрлігі біздің өнім дайын болғанда№77, №88, №96 бұйрықтарды шығару керек. Сол уақытылы шығармағанның әсерінен 115 жұмысшыны қысқарттық. Егер осылай жалғаса берсе, тағы жұмысшыларымызды қысқартуымыз керек болады. Министрдің 3 бұйрығына бола 60 медициналық құрылғы шығаратын өндіріс тоқтап қалайын деп тұр», дейді фармацевтикалық кәсіпорынның атқарушы директоры Гүлия Жүзенова.

Кәсіпорын басшылығы шетелдік компаниялар отандық өнімге қызығушылық танытқанын айтады. Сондықтан өзге елге көшу де жоспар бар. Алайда халық қалаулысы бұл мәселені көтеріп, шешу жолдарын ұсынатынын жеткізді.

«Бұл жерде ауқымды мәселе бар. Тек денсаулық мистрлігінде ғана емес. Бұған қатысты мәселені өзіміздің фракцияда да көтереміз. Сонымен қатар, министрді шақырып, ассосациялар, кәсіпкерлерді кездестіріп, мәселені шешуге тырысамыз», дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов.

Сонымен қатар, Руслан Берденов Орталық Азиядағы теңдесі жоқ ірі трансформатор зауытымен танысты. Азия трафо қазір 250 адамды жұмыспен қамтып отыр. Халықаралық стандартқа сай кәсіпорын өнімдері еліміз бен алыс-жақын шетелдерге шығарылады. Дегенмен жоғары сапалы жергілікті тауардың сатылымы азайған. Оған себеп Аспан асты елінен келетін арзан құрылғылар дейді кәсіпкер. Бұл проблеманы да мәжіліс депутаты тиісті деңгейде көтеретінін жеткізді.