Түркістанда сәби жүрегіне алғаш рет ота жасалды

18
фото Отырар.кз

Түркістанда 43 күндік сәбидің жүрегіне алғаш рет ота жасалды. Мамандардың сөзінше нәрестенің жағдайы күн сайын жақсарып келеді. Ал №1 облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 3 мыңнан аса бала туып, 12 операция өтті. Ол үшін медициналық сақтандыру қорынан 567,7 млн теңге бөлінген.

Түркістандық дәрігерлер 730 грамм ғана болып туған нәрестенің өмірі үшін күресіп жатыр. Сәби 24 аптасында дүниеге келді. Сондықтан дәрігерлер бақылауына алып, 43-інші күні жүрегіне ота жасаған. Небәрі 1 айдан асқан сәбиге мұндай операция өңірде алғаш рет өтіп тұр. Мамандар қазір балақайдың салмағы 1700 грамма жетіп, облыстық балалар ауруханасына ауыстырылғанын айтады.

«Нәрестемізде жүрек ақауы кездесті. Ашық өзек көлемі 0,6 см. Сондықтан 43-інші тәулікте барлық дәрігерлердің ұйымдастыруымен және Ұлттық медициналық орталықтың кардиологтары келісімімен бұл қызымызға ота жасаймыз деген шешім қабылданды. Ота кезінде 6 мм өзек болады. Дәрігерлеріміз соны жапты. Ота сәтті өті. Қазір баланың жағдайы жақсы», — дейді нәрестелер жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Әнел Мүсірәлиева.

Сонымен қатар бүгін сабидің көзіне ота жасалды. Мамандардың сөзінше орталықта былтырдан бастап хирургиялық ем шарасын көрсете бастаған. Атап айтқанда былтыр шұғыл түрде 8 нәрестеге операция өткен. Ал биыл бұл көрсеткіш саны 12-ге жоғарылады. Ол үшін медициналық сақтандыру қорынан 567,7 млн теңге бөлінген.

«2024 жылдың 5 айында перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестелерге орталықтың өзінде 12 ота жасалды. Отаның біреуі баланың туа біткен асқазан-ішек жолдарының ақауына жасалды. 1 жағдайда гидроцефалия, 10 спецификалық емес энтероколитті жағдайда ота жасалды», — дейді №1 облыстық перинаталдық орталық басшысының м.а. Салтанат Жабағиева.

Айта кетейік, жыл басынан бері орталықта 3 мыңнан аса сәби дүниеге келді. Оның 610-ы уақытыннан ерте туған. Ал 23 нәрестенің салмағы 1000 граммға жетпеген. Сондықтан олар ақ халаттылар бақылауына алынып, жағдайы жақсарған 11 бала мен ана үйіне шығарылды.