Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды

42

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан мәслихат төрағасы мен депуттаттар мектептердің дайындығын пысықтады. Тексеріс барысында білім ұяларының кейбірі әлі күнге дайын еместігі анықталды.

Қалалық мәслихат төрағасы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын бақылады. Тексеру жұмысы №58 мектептен басталды. Білім ошағына кірген депутаттар ондағы кемшіліктерге бірден тоқталды.

«Бұл ағаштардың солқылдап тұрғаны бір бөлек. Астынан ылғал келеді ғой. Құрылысшыларды шақырып, сараптама жасау керек. Болмайды бұл. Балаларға зиян. Қанша ата-ана сіздерге сеніп, баласын мектепке жіберіп отыр», — дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Бұдан бөлек мектеп әлі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен рұқсат қағазын да алмапты. Сондықтан халық қалаулылары бала қауіпсіздігіне баса назар аударды.

«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсат құжаты жоқ, төтенше жағдай, өрт сөндірушілердіңкі де жоқ. Балаларды қалай кіргізесіздер? Кемшілікті білесіздер. Жамап қойып қою емес әңгіме. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Балаларды кіруге болмайтын кабинетке кіргізбей-ақ қойыңыздар. Ол сыныпта отыру мүмкін емес», — дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Білім ошағына жаңа директор тағайындалғанына көп болмаған. Сондықтан ол кемшілікпен жұмыс жасауды бастадым дейді.

«Бәрін жәймен ретке келтіремін. Жасаймын. Дабыл батырмасы бар. Келе сала жұмысымды қауіпсіздіктен бастадым», — дейді №58 мектептің директоры Алтынай Айтбаева.

Халық қалаулылары білім ордасының сыныптарынан бастап, дәретхана, асхана, спорт залынына дейін қарап шықты. Олар жарықтың жоқтығы, желдету жүйелерінің жұмыс істемейтін сынға алды.

«- Жарықшамдарға әкімдіктің керегі жоқ шығар. Өздеріңіз де ауыстыра салуларыңызға болады. Жанашырлық болу керек.
— Бәрін қарап шыққанбыз. Жаңа корпустан бастап ауыстырып келе жатырмыз. Жұмысшыларымыз демалыс күндері де демалмай жұмыс істеп жатырмыз.

— Онда 10 күн уақыт берейік. 10 күннен кейін немесе 7 күннен кейін келіп көреміз. Не істедіңіздер? Не істемедіңіздер? Сіздің іскерлігіңізді көреміз енді. Бірінші кезекті жарық пен желдету жүйесін жасасаңыздар», -дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Өткен ғасырдан келе жатқан ғимарат, тар сыныптар, ескі жарықшамдардың жағдайын көрген депутаттар келесі жылы міндетті түрде жөндеу жұмысын жүргізу керектігін айтады.

«Ендігі жылға қазірден дайындалу керек. Биыл қаржы бөлдіру керек. Ал келесі жылы күрделі жөндеу өткізбесе болмайды. Қазір олқылық басқа мектептерден де шығып жатыр. «Көрпеңе қарай көсіл» дейді ғой. Бюджетке қараймыз. Бірақ қаржы бөлдіруге тырысамыз. Себебі балалар мынадай мектепте оқымау керек», — дейді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.

Ал №80 мектептегі тексеріс жұмысын арнайы топ дабыл жүйесінен бастады. Тетікті басқанмен қауіпсіздікке жауапты компания өкілдері араға 10 минут салып келді. Олар мұның себебін қаладағы кептеліспен және арнайы тұрақтың жоқтығымен байланыстырады.

«7 минутта келулеріңіз керек.

— Біздің норма 8 минут.

— Иә, қасыңыздағы жігіт 10 минутта келді. Сіз тағы 2-3 минуттан кейін келдіңіз.
— Мен машинаны жайғастырып келдім. Кептеліс тудырып, көлікті жолға тастап кете алмаймын.

— Сіздер көлікті қоюға уайымдамауыңыз керек. Мұнда сіздер, өрт сөндірушілер келетін 1 орын қашан да дайын тұру керек. Мұны қарас ырыңыздар», — дейді  депутаттар пен күзет қызметкері Ғазиз Ордабаев.

Сонымен қатар, күзет қызметі бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрмас үшін өздеріне айрықша құқық берсе дейді.

«Уақыттың нормативін қалыпқа келтіріңдер.
— Иә, қалыпқа келтіреміз. Біз полицияға бағдаршамға қарамай өту туралы өтініш жасағанбыз. Келіспей жатыр. Біз жылдамдықты 60-тан асыра алмаймыз. Сол бойынша да полицияға сергекке түсірмеу туралы айтқанбыз. Бірақ келіспеді.

— ПД-мен мен келісуге болатын шығар. Сабақ басталғанға дейін сөйлесіп көреміз», — дейді  депутаттар пен күзет қызметкері Ғазиз Ордабаев.

Бұл мектеп 3000 оқушыға шақталған. Алайда жақын маңда тұрғындардың көптігінен биыл 4 мыңға жуық бала сабақ оқуға мәжбүр. Білім ошағының директоры ол үшін айыппұл төлеп жатқанын айтады. Соған қарамастан жүктемемен бала қабылдап жатырмыз дейді.

«132 мектепке 11 сыныптарды жайғастырайын деп жатырмыз. Білім басқармасы басшысымен сөйлестім, жалға ғимарат болса, соны алуымыз мүмкін.
— Бірінші сыныпқа қанша бала алдыңыз?  
— 250 оқушы.

— Орын жетпей тұрғанын біліп тұрып қабылдап жатырсыз ба?

— Мен кадрымды да жабуым керек қой.

— Осы жерде Қонаев мектебі де бар ғой. Неге сол жаққа жібермеске?

— Оны ата-аналар алыс дейді. Балаларға бәрі бірдей ақша төлеп оқыта алмайды.
— 4 мың баланың бәрі осы жерден емес шығар.

— Ата-анаға басқа жаққа бар деп айта алмаймыз. Оларға шектеу қоя алмаймыз», — дейді депутат пен №80 мектептің директоры Баян Әбдішүкірова.

Ал балаларды толық біліммен қамту үшін қосымша ғимаратқа жөндеу жұмысын жүріп жатыр. Мамандар айдың аяғына дейін бітіріп, пайдалануға береміз дейді.

«25 тамызға дейін бітірііп береміз. Бірақ сырты бітпейді. Біз мектептің алғы жағын бітіріп, балалардың қауіпсіздігі үшін сыртын қоршап жұмыс істейміз», — дейді құрылыс компаниясының директор орынбасары Асылбек Мейірманов.

Білім басқармасының айтуынша Шымкентте үш ауысымды мектеп жоқ. Бірақ жүктеме жоғары. Сондықтан мәселенің шешімін жаңа оқу жылы басталғанша табу үшін мәслихат төрағасы мен депутаттар қайта тексеруге келетінін жеткізді.