17 шағынаудан тұрғындары үй ауласынан үздіксіз өтетін көлік мәселесін шешіп беруді сұрайды. Олар үй алдынан ерсілі -қарсылы ағылған көліктердің бірі балаларды қағып кете ме деп уайымдайды. Халық проблеманы айтып жергілікті әкімдікке бірнеше рет барған. Бірақ мәселе әлі күнге оң шешімін таппады деп отыр.
Әл-Фараби ауданына қарасты 17 шағынаудан тұрғындары ауладан толассыз өтетін көлік мәселесін шешіп беруді сұрайды. Сөздерінше, көпқабатты үйдің жанынан тұрғын-үй кешені салынған. Енді сонда көшіп келген көлігі бар тұрғындар кешенге кіру үшін 15а үйінің алдынан өтеді екен. Әрлі-берлі толассыз ағылған көп көліктен үнемі болатын кептеліс пен шудан шаршадық деген тұрғындар балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды.
Жақсылық Айтбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жылдамдығы 40-пен өтеді, 50-мен өтеді шопырлар. Жай да өтпейді. Айналайын-ау, 15а-ның алдынан балалар жүгіріп шықса, не істейсің сен?! Қағып кетесің ғой қарап отырып, жас баланың өмірін қиясың ғой!»
Болат Мамадалиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мына жерде кептеліс болады азанда-кешке, жол тар, кішкентай балалар ойнап жүреді, оларға қауіп төнеді. Кешкісін көлік қою проблема, не жедел жәрдем, не өрт сөндірушілер кіре алмайды».
Сергей Балабенко, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мына жанымыздағы тұрғын үй кешені салынғалы бері біздің үйлердің алды тұрғындарға арналған аймақ емес, сол кешеннің көліктеріне арналған жолға айналды. Қазір есіктің алдына шығып жүру мүмкін емес. Үнемі кептеліс болады, тоқтаусыз сигнал береді, бұл тіпті түнгі уақытта да жалғасады. Балалар есіктің алдына велосипед, самокаттарын теуіп жүруден қалды. Бір сағаттың ішінде 60-70 машинаға дейін жүреді. Мен бұл мәселені көтеріп аудан әкімідігіне талай рет бардым».
Көпқабатты үйлердің алды тар болғандықтан, тұрғындар көліктерін үй артындағы жол бойына қояды. Салдарынан, ары-бері қозғалуы керек машиналарға кедергі келтіреді. Мұндағылар тұрғын үй кешенінің жүргізушілері көпқабатты үйлердің алдынан өтуіне қарсы. Сөздерінше, бұған дейін қала әкімі егер Т. Рысқұлов көшесіндегі жол ашылса, бергі қақпа жабылады деп уәде беріпті.
Венера Шертаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әкім өзі осы обьект басына келген болатын. Келіп, уәде берген, Т. Рысқұловтан жол ашылған кезде, мына жердегі қақпа толығымен жабылып, 15а үйдің алдына машиналар өтпейді деп уәде берген. Т. Рысқұлов көшесінен жол ашылады деген, ашылды, дегенмен ол біздің мәселені шешкен жоқ. Ол жақта ЖК-ның алдын бәрін қоршап қойған, ауласына көлік кірмейді. Чип қойып тастаған, сол үшін машиналар бәрі бергі біз жақтағы жолдан өтеді».
Үй ауласына кіретін тұста тіпті арнайы жол белгісі қойылған. Белгіге сәйкес көліктер толассыз жүруге және сигнал беруге болмайды, бірақ бұл ережеге бағынып жатқан ешкім жоқ.
Бұл мәселеден аудан әкімдігі хабардар екен.
«15а тұрғындары мендегі мәлімет бойынша өздері жақтағы аулаға кіретін жолды жапқысы келіп тұр. Бұл да тұрғындар, біреудің құқығын шектей алмаймыз ғой біз «шықпаңыз, шығыңыз» деп. Бірақ қазіргі таңда Т.Рысқұлов жақ та, аллея ақ та ашық, одан бөлек 15-ші үйдің алдынан да өткен. Бірақ 15 үйдің тұрғындары алдынан өткізбейміз деп шығып жатыр, жабамыз деп уақытша. Жапса жапсын, жапса да 17 шағынаудан ішіндегі аллея арқылы кіру мүмкіндігі бар, одан бөлек жаяу жүргіншілерге Шаяхметов жақтан жол бар. Шешіліп тұр ғой мәселе. Тұрғындардың уәжі дұрыс. Екі үйдің тұрғындары біздің ауданның тұрғындары, сондықтан жақын арада бірлесіп жиналыс өткізіп шешеміз деген жоспар бар», — деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.
Үйлердің жанынан бой көтерген тұрғын үй кешенінің проблемасына айналған қақпалары талапқа сай келмейтін болып шығыпты. Бұл туралы өртке қарсы рейд жүргізген төтеншеліктер мәлімдеді. Мамандар кешеннің екі жақ қақпасынан да өрт сөндіру көлігінің кіре алмағанын айтты.
Бәйдібек Әбілқасым, Әл-Фараби ауданы ТЖ басқармасының бас маманы: «Біз Әл-Фараби ауданы Т.Рысқұлов көшесі 62В мекен-жайында орналасқан «Бірлік» тұрғын-үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл көпқабатты тұрғын үйде өрт-сөндіру автокөліктерінің кіруіне мүмкіндік болмады. Яғни бірінші кезекте тұрғын үй кешенінде орналасқан тұрғындардың автокөліктері және тұрғын үйге кірер Т.Рысқұлов көшесі және Ерімбетов жақ бетіндегі қақпамен шығу мүмкіндігі болмады».
Жергілікті билік өкілдері бұл мәселе шешімін табады дейді.
Марат Тәжібаев, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Бөлек қақпасын ашып қойған, өрт сөндіру техникасы келетін болса, бөлек қақпасы бар. Бірақ алдыңғы қақпаны да кеңейтуге өрт сөндіру мекемесінен ескерту берілген құрылыс иелеріне. Қазір олар кеңейтетінін мәлімдеді екі жақтан да. Біз Т.Рысқұлов көшесі жақтан ашып бердік, одан бөлек аллея жақтан да кіреді».
Аудан әкімінің орынбасары 17 шағынаудан тұрғындарымен арнайы жиналыс өткізеді. Содан кейін мәселенің шешімі анық болмақ.