«Білім саласындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру мақсатында ғылым мен білімге, тәрбиеге үлкен мән беру керек. Әділетті Қазақстанды құруда, қоғамды дамытуда мұғалімдердің рөлі айрықша». Бұл Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың білім саласы қызметкерлерімен кездесуінде айтқан сөзі. Жиында Жолдау аясында елде іске асырылатын жоспарлар мен білім саласының дамуына қатысты мәселелер көтерілді.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі: «Көп жағдайда білім беру мекемелерінің басшылары тек білім берумен шектеліп жатыр. Тек қана есеп берген кезде ғана, осыншама мектеп салынды, осынша оқушы білім алды деп қана есеп береміз. Сонымен шектелеміз. Ал жалпы қоғамда орын алып отырған түрлі олқылықтар, түрлі қылмыстар мектеп қабырғасымен өлшене ме? Мектеп санымен өлшене ме? Жоқ әрине. Бұл біздің идеология бағытындағы жұмысымызбен өлшенеді».
Айта кетсек, бұған дейін Түркістан облысы мұғалімдері мен әдіскерлері Жапонияда Лессон стади әдісін, АҚШ-та инклюзивті білім беру және Қытайда техникалық және кәсіптік білім беру бағытында тәжірибе алмасып кеткен болатын. Биыл Түркістан облысының педагогтары техникалық және кәсіптік білім беру бағытында Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы Түркістан облысында қарқынды жүргізіліп келеді. Ал биыл өңірде 29 жайлы мектеп салынып жатыр.