«Дауыс күші — адам құқығы, азаматтық қоғамның даму негізі»: GENERATION

37

Шымкентте «Generation» қоғамдық бірлестігі іске асырған «Дауыс күші» жобасының қорытынды конференциясы өтті. Жоба адам құқықтары мен аймақтың болашақ көшбасшыларының азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында жобаға қатысушылар өз қауымдастықтарында жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдыларды алды.

«Дауыс күші» жобасының қатысушысы Гүлнар Ниязова алған білімі, тәжірибесі үшін «Generation» Қоғамдық бірлестігіне алғысын білдіреді. Ол адам құқықтары саласында, әлеуметтік және экология мәселелерін шешуде үйренгенін қызметінде қолданып келеді. Жобаның арқасында біліктілігі мен белсенділігін арттырған қоғамдық бірлестік төрайымы Кентау қаласында ерекше балаларға арналған «Дара бала»орталығын ашқан.

Гүлнар Ниязова, Қоғамдық бірлесті төрайымы: «Осы ерекше балаларға арналған орталықтың жанынан біз қосымша әлеуметтік кәсіпкерлікті оқыту орталығын аштық. Бұл орталықта ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жиырмадан астам әйел оқытылды. Аналар ақша табады, ал балалар осы уақытта «Дара бала» орталығында. Біздің қоғамдық бірлестік экология және көп балалы аналардың, жалғызбасты аналардың, сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырған әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелерінде екі бағытта жұмыс істейді».

«Дауыс күші» жобасының қорытынды конференциясы өтуде. Жоба — Түркістан облысының жас көшбасшыларының құқықтық сауаттылығын және азаматтық дағдыларды дамытуға мол мүмкіндік берді. Жоба қатысушыларға адам құқықтарының маңыздылығын жақсы түсінуге көмектесіп қана қоймай, алған білімін іс жүзінде қолдануға үйретті. Ұйымдастырушылардың пікірінше, іс-шара тәжірибе алмасу, байланыс орнату және құқық қорғау қызметі мен азаматтық қоғам саласындағы болашақ жобаларды талқылау үшін маңызды алаңға айналды.

Владислав Голярко, «Generation»қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Бүгін жұмысымызды қорытындылап жатырмыз. Біздің жоба бір жыл ішінде жүзеге асырылды. Жоба азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталған. Адамдар өз құқықтарын қорғауды үйренуі үшін ат салыстық. Белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтар көп болсын. Жобаның арқасында жергілікті жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған өз бастамаларын жүзеге асыра алуға мүмкіндік алған шағын гранттар иегерлері болды».

Конференцияда «Дауыс күші» бағдарламасы аясында іске асырылған жоба нәтижелерін ұсынған жеңімпаздан бөлек оқыту сессияларын жүргізген жаттықтырушылар мен сарапшылар пікірлер білдірді.

Елена Швецова, «Еркін қанат» ҚҚ атқарушы директоры: «Мен мұндай жобаның Шымкентте жүзеге асырылып жатқанына өте қуаныштымын. Себебі адам құқықтары саласындағы білім барлық қазақстандықтар үшін өте маңызды. Өкінішке орай, қазіргі уақытта мұндай білім мектепте де, университеттерде де берілмейді, тек заң мамандықтарында. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл жобаны жоспарлаған кезде біз іске асыру үшін қолдау көрсететін ұйым ретінде әрекет еттік. Мен бағдарламаны дайындауға көмектестім».

«Дауыс күші» жобасының мақсаты — Түркістан облысы көшбасшыларының ойлау қабілетін, құқықтық сауаттылығын және азаматтық белсенділік дағдыларын дамытуға үйрету. Жоба қатысушыларға адам құқықтарының маңыздылығын түсінуге көмектесіп қана қоймай, алған тәжірибе, білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік берді.