Түске дейін 64,38% шымкенттік өз таңдауын жасап үлгерді

21
фото: Отырар.кз

Ұлттық нақышта киінген ақсақалдар, ән шырқаған әлемдік дәрежедегі өнер иесі бүгінгі науқанның көркін кіргізді. Бүгін референдумға келушілер қарасы қалың. Тіпті 64 пайыз тұрғын өз таңдауын жасап үлгерген.

Сағат тілі таңғы 7ні көрсетіп тұр. Өңірдегі барлық референдум учаскесі әнұранмен өз жұмысын бастады.

Бұл Шымкенттегі №231 учаске. Мұнда бірінші болып қала тұрғыны Ғазиз Есенғалиев дауыс берді. Ол үшін сыйлық ретінде кітап берілді. Белсенді азамат бүгінгі саяси науқанға өз ұстанымын білдіру үшін отбасымен келіпті.

«Әрине маңыздылығы өте жоғары. Қазақстанның болашағы, АЭС  бойынша әр азамат заңды түрде дауысын беру керек деп ойлаймын. Ауқымды түрде жауап беру керек. Әркім қарсы оған немесе қолдауын білдіруі тиіс», — дейді Ғазиз Есенғалиев Шымкент қаласының тұрғыны.

Науқанға келушілердің қарасы қалың. Әсіресе халық ұлттық киіммен келіп, ерекше атмосфера сыйлады. Қала тұрғыны Гүлшат Есбай мұндай шараларда ақ кимешек, бүрмелі көйлек пен кәжекей кию дәстүрге айналды дейді.

«Бүгін арнайы ұлттық киімде келдім. Себебі маңызды күн. Өз таңдауымды жасадым. Біз өз тарихымыды өзіміз құруымыз керек. Ал ұлттық киімді жастарымызға үлгі болу үшін кидім», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлшат Есбай.

Ал бұл опера және балет театры. Бұл учаскеде дауыс беріп қана қоймай, ән тыңдап қайтуға болады. Ел тарихы үшін өз таңдауын жасауға келушілерге арнап әлем жұлдызы Майра Мұхамеджанқызы ән шырқап берді.

«Ол халқымыз үшін, мемлекетіміз үшін өте маңызды. Өйткені референдумды халықпен ақылдасып, халықтың санасымен, ойы мен пікірін білуге осындай референдум ұйымдастырып отыр. Халықпен санасып отыр, халыққа осындай мүмкіндікті түсіндіріп, білгізіп, түбегейлі маңыздылығын білу үшін халықпен санасып отыр», — дейді Шымкент қаласы опера және балет театрының директоры Майра Мұхамеджанқызы.

Қаламызда қазір 344 учаске жұмыс істеп тұр. Статистика бойынша түске дейін тұрғындардың 64 пайызы өз таңдауын жасап үлгерген. Ал жалпы 600 мыңнан аса шымкенттік дауыс беру құқығына ие. Ал науқан қорытындысы ертең белгілі болады.