2025 жыл Президент Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, қоғамда еңбекқорлық пен жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде белгіленді. Осы орайда, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев пен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов қаланың көркеюі мен тазалығына үлес қосып жүрген мекеме қызметкерлеріне арнайы барып, жаңа жылдық сыйлықтар табыстады.
Қала басшысы алдымен Арыстың көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен айналысатын «Жасыл Арыс» КММ-де болды. Мекеме қызметкерлерімен кездесіп, жасыл желектерді егіп, күтіп-баптап жүрген жұмысшылардың еңбегін жоғары бағалады.
– Сіздердің жұмыстарыңыз Арыстың көркі мен экологиялық ахуалын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Бұл еңбек шыдамдылық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сіздерге және отбасыларыңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді қала басшысы.
Мәслихат төрағасы да өз сөзінде еңбек адамдарының үлесі қаланың көркеюі мен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруда ерекше екенін атап өтті. Әрі қарай мекеме қызметкерлеріне жаңа жылдық сыйлықтар табысталды.
Әрі қарай қала әкімі «Qazaq Real Stroy» мекемесіне барды. Саябақтар мен аллеялардың тазалығын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшылармен жүздесіп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында күн-түн демей жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін ерекше бағалайтынын айтып, мерекелік сыйлықтар тарту етті.
– Сіздердің қажырлы еңбектеріңізбен Арыс қаласы жыл өткен сайын көркейіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптасуда. Бұл жұмыс оңай емес екенін түсінеміз, сондықтан сіздерге және отбасыларыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Еңбектеріңіз әрдайым ел игілігіне жарай берсін! – деді әкім өз сөзінде.
Қала тұрғындары үшін көрінбес майданның сарбаздары саналатын еңбеккерлер өз кезегінде әкімнің ықыласына ризашылық білдіріп, жұмысшы мамандықтарына көрсетіліп жатқан құрметті жоғары бағалады.