Жол-көлік оқиғасы салдарынан газ құбыры бүлініп, 6 мыңнан астам абонент жылусыз қалды

265

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында жеңіл көлік газ құбырына соғылып, салдарынан 6 мыңнан астам жеке сектор абоненті жылусыз қалды.

Оқиға 10 желтоқсан сағат кешкі 20:00 шамасында болған. Мамандар апатқа BMW маркалы автомобильдің жоғары қысымды жер үсті газ құбырына соғылуы себеп болғанын анықтады.

Автокөлік соқтығысқаннан кейін екі жерде газ құбырының толық жарылуы, сондай-ақ 40 метрден астам газ құбырының деформациясы орын алған.

«Апат салдарынан 21 өнеркәсіптік кәсіпорын, 153 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын, 6 821 жеке сектор абоненті газбен жабдықтаусыз қалды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды. Зақымдалған газ құбырын қалпына келтіру жұмыстары дереу басталды. Оқиға орнында «QazaqGaz Aimaq» АҚ авариялық-қалпына келтіру қызметінің 40-тан астам өндірістік персоналы жұмыс істейді. Үйлер мен кәсіпорындарға газ беру барлық қажетті жұмыстар аяқталғаннан кейін бірден қайта басталады«, — делінген «QazaqGaz Aimaq»АҚ баспасөз қызметі хабарламасында.