ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Шымкент тұрғындарымен кездескен халық қалаулысы жиналғандардың мәселесін тыңдап, проблемаларды талқылады. Жиында кәріз, мектеп құрылысы, білім ошағына атау беру мәселелері көтерілді.
Қатын көпір шағынауданының тұрғындары кәріз мәселесін айтып шағымданды. Сөздерінше аймақта бірнеше жылдан бері уәде етілген кәріз жүйесі әлі жүргізілмеген. Ал тұрмыстық қалдық суды жинайтын септикті тазалау үшін тұрғындар ай сайын шамамен 10 мың теге көлемінде қаржы жұмсайтын көрінеді. Мәжіліс дептутаты Қазыбек Исамен кездесуге жиналған жұрт халық қалаулысынан осы мәселенің түйінін тарқатуды сұрады.
«Барлық жаңадан салынған мөлтекаудандарда канализация салынған да, осындағы тұрғылықты адамдардың қазір канализациясы жоқ. Көптеген қиындықтар туындауда. Септиктер проблемалы. Мен өзім ай сайын 10 мыңға сорғызамын. Сонда ойлап қараңыз, жылына 120 мың канализацияға төлейді екенмін», — деді тұрғын.
Депутат жиында көтерілген барлық мәселені өз деңгейінде қарап шығып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар, қаладағы бірнеше нысанды аралаған Қазыбек Иса жұмысшы мамандықтарын дайындаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшылар жылы» дегені өте дұрыс деп ойлаймын. Еліміз бойынша жұмысшы мамандықтары жетіспейді. Кәсіпке баулитын колледждерге көңіл аударып жатыр. Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінде қарағанбыз. Оларға басымдық беру, жағдай жасау, қолдау көрсету мәселесін».
Кездесуде №51 мектепке Кеңес Одағының батыры Ережепбай Молдабаевтың атын беру мәселесі көтерілді. Депутат, батырдың есімі тарихи тұлғалар тізіміне енді ғана енгендіктен бұл мәселе 2025 жылы шешімін табуы мүмкін екенін жеткізді. Сондай-ақ, биыл айтулы білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қарау мәселесі де көтерілді.