8 миллион теңгеден астам қарызы бар Toyota Alphard анықталды

фото Отырар.кз

 

Түркістан облысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің 600-ге жуық заң бұзушылығы анықталды. Өңірде «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Заңсыз қайта жабдықталған 13 көлік анықталды, 17 жүргізуші техникалық тексеруден өтпеген. Сондай-ақ, 80 жүргізуші көлік жүргізу кезінде телефон қолданған, 104 адам қауіпсіздік белдігін тақпаған. Екі жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған, біреуі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққан.

Сайрам ауданында бір автобус тоқтатылды. Тексеру барысында оның орындық саны заңсыз көбейтілгені анықталды. Жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, «Қорғау» бағдарламасы арқылы 8 миллион теңгеден астам қарызы бар Toyota Alphard анықталды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.

Мұхамедали Шалхарбай